Ақтауда құрбан шалу рәсімі екі форматта өтеді

Маңғыстау облысында құрбан шалу рәсімі екі түрлі форматта өтеді.

Біріншісі – әкімдік тарапынан рұқсат етілген қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу. Екіншісі - «qurban-2021.kz» сайты арқылы онлайн режимде өткізу. Былтыр да осындай тәжірибе болған еді. Ал айт намазы Маңғыстау облысы бойынша 20 шілде күні таңғы сағат 07:00-де мешіт аулаларында санитарлық талаптарды сақтай отырып оқылады.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы әлі де қызыл аймақта. Вирус жұқтырғандар саны күрт артып келеді. Соңғы 1 аптада 1097 жағдай тіркелген. Ал өткен тәулікте 208 адамнан коронавирус анықталып, 4 адам көз жұмды.

Ғазиз Надуев, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Мүмкіндігінше құрбан айт кезінде адам көп шоғырланған жерден бас тартып, үйде жақындарыңызбен ғана тойлап, қонаққа бармай, қарым-қатынасты азайтқан жөн. Қазір аурудың басылуы байқалмай тұр. Атқарушы биліктің тарапынан бүгінгі таңда мал союға арналған алаңдардың рұқсаты бар ма, сол нәрсені тексеру жайында бәріне тапсырма берілді. Ол жердегі қызметкерлердің бәрі санитарлық талаптарға сәйкес жабдықталады. Жергілікті полиция бар, жергілікті атқарушы билік бар, мониторинг топ бар. Оларға арнайы тапсырмалар жүктелген.

Әнуар Елжанов, облыстың бас имамы:

Айт намазына келушілер бетпердемен, үйден дәрет алып, өзімен бірге жайнамаз алып келулері қажет. Егде жастағы қарт кісілер, әйел адамдар мен балалар айт намазына келмегендері абзал. Сонымен қатар дене қызуы бар адамдар айт намазына келмегені дұрыс.