Талдарды кесіп, орнына көпқабатты үй салмақ болғандар елордалықтардың ашуына тиді

Елордада талдарды кесіп тастап, орнына көпқабатты үй салмақ болғандар айыппұл төлейді.

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданындағы саябақта 10-нан астам ағаш заңсыз кесіліп, орнына көпқабатты үй салу жоспарланып жатыр. Айналасы қоршалған жерде ағаштардың кесіліп жатқаны туралы елордалықтар әлеуметтік желіде жариялады. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Олардың айтуынша құрылыс жайлы мүлде бейхабар болған .

Лаула Тоғатайқызы, қала тұрғыны:

– Аулаларымыз өте тар екенін көріп тұрсыздар. Балаларымыздың ойнайтын жері, үлкен кісілеріміз бар үйімізде. Сол кісілердің шығып кешкі уақытта самалдап отырып тынығатын жақсы орын болатын.

Ал табиғатты қорғау полициясының мәліметінше, аталған аймақта ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат берілмеген. Заңсыз әрекет үшін 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыпұл да салынған.

Владимир Колягин, қалалық «Алматы» ауданы табиғатты қорғау полиция бөлімшесінің басшысы:

Қазіргі танда осы жерде барлық жұмыстар тоқтатылды. Жалпы, компанияның алдын ала аймақты дайындап, келтірілген залалды өтейді.Яғни әрбір кесілген ағаш орнына 10 ағаш отырғызуы тиіс.

Бұл жер учаскесі жекеменшік компанияға тиесілі. Құзырлы органдар олардың құрылысқа барлық рұқсат құжаттары бар деп отыр.

Сұлтан Аяпбергенов, «Алматы» ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:

Жер кодексінің 109-бабы бойынша қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына сәйкес болуы керек. 2004 жылы бекітілген бас жоспарға сәйкес, мұнда 9 қабатты көпқабатты үйдің құрылысы қарастырылған.

Тұрғындар бәрін құрылыс басталмай тұрып тоқтату керек деп санайды. Олардың пікірінше, сол жерге қайтадан ағаш отырғызу керек. Қала тұрғындары бір мезгіл таза ауада серуендейтін орынға айналдыруды талап етіп отыр.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Марат Диханбаев