СҚО елімізде екпе салдыртқандар саны бойынша алдыңғы үштікте

Солтүстік Қазақстан облысында иммундау шарасы қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір әсіресе, ірі кәсіпорындардың қызметкерлері жаппай вакцина салдыртып жатыр. Тіпті қаладағы білім ошақтарының бірі бұл науқанды толығымен аяқтап қойған.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Петропавлдағы сумен қамту кәсіпорны – шаһардағы ең ірі компаниялардың бірі. Халыққа қызмет керсететін мекемеде бүгінгі күні  700-ден астам азамат еңбек етеді. Өзінің әрі өзгенің денсаулығын ойлағандар жаппай вакцина салдырып жатыр. Солардың бірі – Зураш Әлкина.

Зураш Әлкина, сумен қамту кәсіпорнының қызметкері:

- Бірінші компонентті мен 21 күн бұрын алдым. Бірінші күн температура болды. Бүгін міне, екінші компонентті алуға келдім. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Қазір вакцинаны алмауға болмайды. Қазіргі пандемиядан әр адам өз отбасын ойлау керек.

Қазір өңірде ұжымдық имунитетті қалыптастыру үшін жаппай вакцинациялау жұмыстары қарқын алды. Тіпті қаладағы мектептердің бірі екпенің толық курсынан өтіп, алғашқылардың бірі науқанды аяқтап қойды. Дегенмен де, өңірде эпидахуал уақыт өткен сайын ушығып барады. Облыс «қызыл аймақта». Тек қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық стационарында қазір 71 адам ем қабылдап жатыр. Оның 12-і ауыр, 9-ы аса ауыр хәлде.

Жанна Маутова, қалалық көпбейінді аурухананың директоры:

- Қазір отбасымен коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсіп жатқандар көбейді. Мәселен жанұяда екпе қойдыртқан азамат 12 күнде емделіп, үйіне жіберілді. Ал вакцина алмағаны жансақтау бөлімінен бірақ шықты. Сондықтан бұл індеттің жалғыз емі ол – екпе.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысы елімізде екпе салдыртқандар саны бойынша алдыңғы үштікте. Өңірде 93 мыңға жуық адам екпенің екі компанентін де алған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев