Қостанай облысында автокөлік құрастырудың әлеуеті артады

Қостанай облысында Lada автокөліктерінің барлық модельдері шығарылады. Сонымен бірге мұнда КамАЗ жүк көлігінің жаңа үлгісі құрастырылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мен Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігінің өкілі Денис Пак Қостанай өңіріндегі өндірістік кооперацияның әлеуетін барлады. Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, отандық зауытта көліктерге қажет шанақ өндірісінің технологиясы игеріліп жатыр. Бұдан бөлек, Роман Скляр КамАЗ компаниясының бас директорымен бірге жаңа зауыт құрылысының барысымен танысты. Мұнда жүк көлігінің жаңа моделіне арналған шойын құймасы компоненттерін шығару жоспарланып отыр. Бұл 600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Жобаның инвестициялық құны шамамен 82 млрд теңге. Сапар қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі 8 бірдей құжатқа қол қойды.