Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары мектеп салып жатыр   

Ақтөбе облысындағы Қарлау ауылының тұрғындары бастауыш мектеп салып жатыр.

Білім ұясына баратын балаларын ондаған шақырымдағы өзге елді мекен мен қалаға тасудан шаршаған жұрт нысанды қыркүйекке дейін аяқтамақ. Оның құрылысына сол жерде туып өскен бір кәсіпкер қаржысын салып, демеушілік жасаған.

Қарлау ауылындағы жаңа бастауыш мектеп елді мекен орталығынан бой көтеріп жатыр. Құрылысына жергілікті тұрғындар ат салысуда. Нысанның негізгі жұмыстарын алдағы бірер аптада аяқтауды көздеп отыр.

Жұмабай Бекмағамбетов, кәсіпкер:

20-сыншы жылы бастап, сала бастадық. Шамамен 70 проценті бітті деп ойлаймын. Сырты бұйырса 15 күн ішінде толық бітуі керек. Сосын ішін жөндеуге кірісеміз.

Елді мекен негізі өткен дәуірде қаланып, Бөгетсай ауылының шағын шаруашылық бөлімшесі болған. Сондықтан да мұнда төрт кластық білім ұясынан бөлек негізгі немесе орта мектеп ешқашан болған емес. Биылдың өзінде де мұнда он бес бала оқиды деп күтілуде. Бірақ, қазір ауылдықтар елді мекеннің басты тірегі болатын бастауыш мектепті 40 оқушыға шақтап, кеңейтіп салып жатыр. Себебі, Қарлауға көп балалы отбасыларды шақырып, көшіп келушілерді жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Мектептің жалпы аумағы 300 шаршы метрге жуықтайды. Оның ішінде мұғалімдер бөлмесі, мәжіліс залы, әжетханасы және бес класс бар. Оның әрқайсысы осындай шағын бөлмеден тұрады. Дегенмен, барлығы да бастауыш білім ұясына қатысты стандартқа сәйкес келеді екен.

Махамбет Сүйінәлин, Бөгетсай ауылдық округінің әкімі:

– Істеп жатқан шарамызды 1қыркүйекке дейін жаңа оқу жылы басталғанша бітіреміз деген ойымыз бар. Мектепті Бөгетсай ауылдық округінің акиматының балансына беріп, сосын акимат балансынан статусын «мектеп» деп өзгертіп, әрі қарай аудандық білім бөліміне бергіміз келіп отыр.

Ал бұған дейін 40 жылға жуық қызмет еткен ескі мектепті ауылдықтар әлі де қажеттілікке жаратуды сұрап отыр. Әсіресе, ғимараты әбден тозып, құлауға шақ тұрған дәрігерлік пунктті осында көшірсе деген тілектері бар.  

Айгүл Ілиясова, Қарлау ауылының тұрғыны:

Бәрімізге де денсаулық керек.  Сол жаңа мектепке көшіп, бұны медпукт қылсақ дейміз.

Хромтау аудандық білімі бөлімінің мамандарының айтуынша, ауылда 11 түгіл, 9-шы сыныпқа дейін білім алу туралы айту әзір ерте. Себебі, бала саны тым аз. Сондықтан бесінші сыныптан бастап оқушылар, көрші тұрған Бөгетсайда немесе аудан орталығындағы интернатта жатып оқуын жалғастырады.

Жалпы өлкедегі 27 мектептің екеуінде күрделі, ал қалғандарында ағымдағы жөндеу жүріп жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев