Елордада карантин тәртібін бұзғандарға 159 млн теңге айыппұл салынды

Елорданың мониторинг топтары карантин тәртібін бұзған кәсіпкерлік субъектілерін анықтау тәулік бойы күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.

Әкімдіктің мәліметінше, әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны жөніндегі көптеген ескертуге және өтінішке қарамастан кейбір мекемелер жұмыс режимін сақтау жөніндегі талаптарды әлі күнге дейін елемей, бұқаралық іс-шаралар өткізеді, ал қызметкерлері бетперде тақпайды. Мәселен, 16 шілдеде елордада карантин шектеуін сақтамаған 8 кәсіпкер нысаны анықталды. Сарыарқа ауданында белгіленген уақыттан кейін «Pei Zdes» лаундж-бары, «Атом» компьютер клубы және «Угол 4/1» бары жұмыс істеді. Алматы ауданында орналасқан «Киш Миш» кафесінде, «Какие люди» барында, «Эхо» клубында да жұмыс режимін сақтамағанын анықтады. Сонымен қатар, Есіл ауданындағы «Inforno» мейрамханасы мен «VZлетный» ресто-бары сағат 22.00-ден кейін келушілерді кіргізген. Ал «VZлетный» тіпті қорқор ұсынған. Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шара қабылдау үшін аудандық санитария-эпидемиология бақылау басқармасына тапсырылды.

Айта кетейік, жыл басынан 15 шілдеге дейін елордада шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін 786 жеке және заңды тұлға жалпы сомасы 159 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Нұр-Сұлтанда қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалды, КВИ-мен ауырғандар санының күн сайын өсуін ескере отырып, қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын қатаң сақтау тиіс. Адам көп жиналатын орындарға барудан, іс-шаралар ұйымдастырудан аулақ болып, гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау керек.