NS street life: Астанада көше спортына арналған колизей ашылды

Нұр-Сұлтанда колизей түріндегі көше спорты кешені ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл жайында қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды.

«Елордамызды жайлы ету жұмысы жалғасуда. Қалада таза ауада уақыт өткізуге болатын жаңа орындар ашылып жатыр. Нұр-Сұлтанда алғаш рет «NS street life» атты көше спортына арналған колизей ашылды. Бұл - екі деңгейлі мультифункционалды арена. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары баскетбол, футбол ойнап, осы спорт түрлерінен жарыстар, сол сияқты бокс және би турнирлерін өткізе алады. Екінші қабатта көлеңкелі шатырлар орналасқан. «NS street life» көше спорты колизейі Алматы ауданында Мұңайтпасов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында (Отан қорғаушылар алаңы маңайы) орналасқан. Колизейдің жанынан коньки алаңын ашамыз» дейді шаһар басшысы.

Оның айтуынша, қалада жаңа орындар ашу, сол сияқты бұрынғы орындарды сақтау - өте маңызды.

«Есіл өзенінің жағалауы бойындағы саябақта («Қалалық романс» ТК жағынан) балалар мен ересектерге арналған тағы бірнеше аймақ абаттандырылды: төбешіктер, «питон» ойын аймағы (арқан конструкциясы), үлкен құмсалғыш, түрлі ойын элементтері, ересектер үшін демалуға арналған тыныш аймақтар ашылды. Сонымен қатар, бұл ауданда өзен мен аймақ көрінетін екі қабатты бақылау алаңы орнатылды. Ол аумақтан алыс емес жерде көпір асты кеңістік (Сарайшық бойында) орналасқан. Онда баскетбол, воркаут, йога алаңдары, футбол алаңы және басқалар бар» деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Әкімнің сөзіне сенсек, бұл елорда тұрғындарының бос уақытын денсаулығы үшін пайдалы өткізуіне, сол сияқты спортпен шұғылдануына болатын орындарды барынша көп қамтуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындарының ерте жастан спортпен шұғылдануы маңызды.

«Мемлекет басшысы халық арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Елорданы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында абаттандыру жүріп жатыр. Биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) салынады. Олардың жартысына жуығы дайын. Өткен жылы 150 аула және 60 қоғамдық кеңістік абаттандырылды» деп түйіндеді сөзін қала әкімі.