Ақтауда өлі итбалық тұрғындарды шошытты

Ақтауда 14 шағын ауданның жағалауында өлі итбалық табылды, деп хабарлайды «Хабар 24» Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Өлі итбалықты жергілікті тұрғындар «Астана» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан 14 шағын ауданның жағалауынан тапқан. Жануардың денесі қан болған.

«Бұл итбалық өзі сол жерге барып, өлгеніне сену қиын», – деп жазылған Instagram-дағы «Ақтау қайырымдылық клубы» тобының жазбасында. 

Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының басшысы Адизал Шихметов жағдайға қатысты түсінік берді.

«Бүгін тұрғындар итбалық тапты. Біздің мобильді топ зерттеу үшін оқиға орынына шықты. Жас итбалық көктемде өліп қалған болуы мүмкін. Бір жерінен жара табылды. Жүні жоқ, денесі шіріп кеткен, сондықтан зерттеуге мүмкіндік жоқ.

Айта кетейік, одан қан емес, күн ыстық болғандықтан май ағып жатыр. Бізде бірнеше күн бойы дауыл болды, содан оның денесі жағаға ағып келген сияқты. Қазір оны кәдеге жарату үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Саймандар ізі байқалмайды», – деді ол.