424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тараздағы «Мамыр» саябағы сегіз жылдан бері күтімсіз қалған

  • 119
  • UPD: 21:52, 18.07.2021

Тараз қаласының тұрғындары ғасырдан астам тарихы бар «Мамыр» саябағынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.

Жұрт серуенге арналған жасыл желек қаңғыбастардың орнына айналғанын айтады. Соңғы рет 2013 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүрген. Алайда, өсімдіктер мен ағаштарға күтім жасап, жағдайын бақылауды ұмыт қалдырған сияқты.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- «Мамыр» саябағы тұрғындар серуендейтін сүйікті орындардың бірі болатын. Соңғы рет 8 жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүріп, орындықтар, жарық шамдары және кіреберіске арка қойылған. Алайда көп уақыт өтпей саялы орынды күтіп ұстауға көңіл бөлінбегендіктен, күйі кете бастаған. Қазір бұл жер нашақорлар мен қаңғыбастардың ордасына айналғандай. Саябақтың шет жағында орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының қызметкерлері де жасыл желектің уақыт өте құрып бара жатқанын айтады.

Руслан Төлегенов, оңалту орталығының басшысы:

- Біз қолымыздан келгенше өз мекемеміздің маңайын күтіп ұстап отырмыз. Бұрын мүлдем қорқынышты болатын. Бұл жерде керемет демалыс орнын жасау керек деп есептеймін. Арық жүйелерін қазып, су жеткізген дұрыс. Тұрғындар келіп демалатындай жағдай жасауға болады.

«Мамыр» саябағына кіреберіс арканың бағаналары жарылып, тесіліп қалған. Ал ішкі жағдайы мүлдем сын көтермейді. Күтімсіз ағаш, қураған шөп, құлап жатқан жарық бағаналары, шашылған қоқыс. Қалалық мәслихат депутаты Әйгерім Дәулетбаева бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, қала әкіміне депутаттық сауал да жолдаған.

Әйгерім Дәулетбаева, қалалық мәслихат депутаты:

- Бұл саябаққа қатты жаным ашиды. Су болмағасын көктің бәрі қурап жатыр. Бұл жерде жатақханалар көп. Тұрмысы төмен отбасылар тұратын тұрғын үйлер де бар. Тұрғындар үшін бой сергітіп, серуендейтін жағдай жасап керек.

Саябақтың жобалау-сметалық құжаты бірнеше жыл бұрын дайындалған. «Қаржы көзі табылса жобаны жүзеге асырамыз», - дейді әкімдіктегілер.

Зият Тұрсынұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- «Мамыр» саябағының ішінде су толығымен болмаса да, бірақ су беріліп жатыр. Қаражат қолдау табылса, азаматтардың жүретін жаяу жүргінші жолы бар, кіші архитектуралық формат, аттракцион сондайлар. Ол жерде өздеріңіз болсаңыздар, спорттық алаң тұр. Оны біз есептеп, реконструкция жасайтын боламыз.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары келесі аптадан бастап саябақты тазалаймыз деп сендірді. Ал қашан толықтай қайта қалпына келтіретіні әзірге белгісіз.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы