Елордада балабақшаға жолдама алған бүлдіршіндер үйде отыруға мәжбүр

Елордада мемлекеттік балабақшаларға орын бөлу аяқталды. Алайда жолдама алған балалардың барлығы бірдей мектепке дейінгі мекемелерге бара алмайды.

Карантиндік шектеулерге байланысты бақшалар бір жылдан бері кезекші топтар режимінде жұмыс істеп келеді. Ал онда бала саны санаулы. Сондықтан жолдамасы бола тұрып, бақшаға бара алмай отырған балалар көп. Оған ата-аналар наразы. 

Ақжан Жақсыбаеваның ұлы 4 жаста. Жақында ол мемлекеттік балабақшаға көптен күткен жолдамасын алды. Бұл отбасы үшін үлкен қуаныш еді. Алайда мектепке дейінгі мекемеге бару оңай болмайын деп тұр. Кезекші топқа тек 15 бала алынады, олардың ата-аналары бірінші болып келісім-шарт жасап қойған. Ал қалғандарына күтуден басқа шара жоқ екенін айтып шығарып салған.

Ақжан Жақсыбаева, қала тұрғыны: 

- Екі жылдан кейін балам мектепке барады. Бақшаға жолдама бар, бірақ қабылдамайды. Себебі 15 бала ғана бір топта болу керек. Қазір күтуші жалдап отырмын. Ол тек тамағын береді, ұйықтатады. Ал ұлымды мектепке дайындау керек. Шарасызбын. Тапқан табысым күтушіге кетеді. 

Бір жылдан астам уақыт бойы балабақшалар қолжетімді болмай тұр. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 23 мыңға жуық бала мектеп алды мекемеге барады. Бұл шамамен 40 процент. Санитарлық дәрігердің бұйрығына сәйкес бір топта 15 баладан артық қабылдауға болмайды. Бірақ бұл басқа ата-аналар үшін қолайсыз болып тұр. 

Олжас Қайырдосов, қалалық мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімі басшысының м.а.: 

- Қаланың мектепке дейінгі ұйымдары кезекші топтар режимінде, яғни 15 баладан аспайтын шамада жұмыс істейді. Кезекші топтарға бару ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады. Бұл қаулыға байланысты қабылданып отырған шара. 

Кезекші топтарға барғысы келетіндер көп. Ал орын алу кезегінде 62 мыңнан астам бала тұр. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әлі күнге дейін кезекші топтарға баратындар санын көбейтуге үзілді-кесілді қарсы. Қалада мектеп жасына дейінгі балалар арасында коронавирус ауруының таралуы байқалады. Тек бір айдың ішінде індетпен ауырған балалардың саны 24 процентке өскен. 

Айгүл Жұмағұлова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы: 

- Мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар арасында коронавирус жұқтыру көбейді. Сондықтан қазіргі уақытта кезекші топтардағы балалар санын ұлғайту мәселесі қаралмайды. Балабақшаларға штаттық режимде жұмыс істеуге рұқсат беру Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына байланысты. 

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, елордадағы тәрбиешілер мен күтушілердің жартысынан көбі covid-19-ға қарсы вакцина алған. Дегенмен, бақшаға жолдама алу қиын еді, енді кезекші топқа түсу де мұң боп тұр. 

Гүлзия Нақыпқызы