424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда «қызыл статустағы» 65 адамға айыппұл салынды

  • 74
  • UPD: 16:19, 19.07.2021
Алматыда «қызыл статустағы» 65 адамға айыппұл салынды

Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал ушығып, нашарлауда.

Бұл вакциналанбаған және бұрын ауырмаған тұрғындардың коронавирус инфекциясының дельта штамын жұқтыруына байланысты болуда. КВИ-дің одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штаб отырысында ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды.

Қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, Алматыда жылдың басынан бері жалпы КВИ-дің 65 878 жағдайы тіркелген. Өткен 2 аптада бұрыңғы 2 аптамен салыстырғанда КВИ дерті 2,6 есеге артқан, тәуліктік өсім 1%-тен астам. 1-18 шілде аралығында КВИ-дің 10 093 жағдайы тіркелді, бұл 10700 жағдайдың пессимистік болжамына сәйкес келуде.

Дерттің өсу себебі белгілі – 18 маусымнан бастап қалада «дельта» нұсқасы тарала бастады, ол өте жұқпалы әрі тез тарайды, клиникалық көріністері тым ауыр.

Соңғы 7 күнде «симптомды» пациенттердің үлес салмағы бұрынғы 7 күндегі 88%-тен 90%-ке дейін өсуде, бұл өткен жылы эпидемияның бірінші толқыны кезінде COVID-19-дың ухань нұсқасының 50%-іне қарсы.

Қалалық СЭБД-нің мамандары КВИ жағдайы бойынша алдағы 3 айға, 30 қыркүйекке дейін санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың дамуына болжам жасады. Базалық болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 3-4 тамызға тура келеді әрі тәулігіне 1600-ге жуық жаңа жағдай тіркелуі мүмкін. Пессимистік болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 10-11 тамызға тура келеді, 1900 жаңа жағдай тіркелуі мүмкін.

Базалық болжамға сәйкес 5-5,5 мың төсек орын пайдаланылады, ал пессимистік болжамның шарықтау шегі бойынша 6-6,5 мың төсек орынға артуы мүмкін.

Демек, базалық сценарий бойынша шілдеде 27,5 мың, тамызда 34,5 мың, қыркүйекте 4,5 мың КВИ жағдайы, ал пессимистік болжамға сәйкес шілдеде 29 мың, тамызда 49,5 мың, қыркүйекте 13,5 мың жағдай. КВИ жағдайы тіркелуі мүмкін.

Мектеп оқушыларының оффлайн оқуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жұмыстары жүргізілуде және мұғалімдер вакциналануда. Бүгінде мұғалімдердің 97%-і I компонентпен, 67,9%-і II компонентпен вакциналанды. Бұдан өзге, медициналық қызметкерлердің 97,3%-і I компонентпен, 67,3%-і II компонентпен вакциналанды.

Соңғы 2 аптадағы жас құрамын талдаубалалар мен жасөспірімдерде вирустың дельта нұсқасының тез жұғатынын көрсетті. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 1%-ке өсті және жоғары болып қалуда – 14%. 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтардың дерт жұқтыруы төмендеді, 39%-тен 37,5%-ке дейін. 40-59 жастағы науқастардың үлес салмағы жоғары – 25%. Ал, 60 жастағы адамдар арасында жұқтырғандардың үлесі 1,1% өскен.

Жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде КВИ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында жоғары – 41%, түрлі ЖШС, ЖК, АҚ жұмысшылары арасында – 17%, зейнеткерлер арасында – 16,4%, мектеп оқушылары арасында – 9,2%, мектеп жасына дейінгі балалар арасында 6,4%, жалпы ауырғандар санының 90%-і.

Соңғы 7 күнде КВИ жиі жұғатын жерлер: сауда нысандары – 40%, қоғамдық көлік – 20%, отбасылық байланыс – 19%, базарлар – 16%. Алматыда 2282 қатысушы Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейді. 9-14 шілде аралығында нысандарда QR-кодын (тіркеу) пайдаланып келушілерді тіркеудің минималды санын жүргізбеген фактілер анықталмады. 100 қатысушы – Ashyq жобасының көшбасшылары. 26 сәуір мен 14 шілде аралығында 211 жауапсыз қатысушы жобадан шығарылды. 9-14 шілде аралығында Ashyq-та сканерлеу кезінде «қызыл» мәртебесі бар 31 адамға өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін 30 АЕК айыппұл салынды.

Жалпы алғанда 28 сәуір мен 14 шілде аралығында өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін «қызыл» мәртебеге ие 65 адамға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Тәртіп бұзушылар көбінесе қоғамдық тамақтану орындарына кіруге тырысады, мұнда 58 адамнан «қызыл» және 13 адамнан «сары» мәртебе анықталған. СОСО кіре берісінде 28 адамның «қызыл» және 110 адамның «сары» мәртебесі белгілі болды. «Қызыл» статусы бар 9 адам Алматы Әуежайына өтпекші болды.

Сондықтан КВИ-дің одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штаб амбулаториялық емделіп жатқан қала тұрғындарын өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға және қоғам алдында азаматтық жауапкершілік танытуға шақырады. Вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған тұлғалар өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы және басқа адамдарға жұқтырмас үшін адамдар көп жиналатын орындарға бармаулары тиіс.

 

Хабар 24 телеарнасы