424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент коронавирусқа қарсы қатаң шаралар қабылдауды тапсырды

  • 101
  • UPD: 23:21, 19.07.2021

Вирустың таралуын тоқтату мүмкін емес.

Мұны тәжірибе көрсетіп отыр. Қолдан келер бір ғана амал - ауыр науқастар санын көбейтпеу. Жаппай вакциналау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Пандемия көптеген әкімдер үшін нағыз сынақ болды. Кейбірі оны «беске», ал енді бірі «үшке» тапсырды. Президент үлгерімі нашар деген әкімдерді осылай сынға алды. Бір апта бұрын Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген. Бірақ эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет.

Тәж тажалы - адамзатты 1 жарым жылдан бері жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап отыр. Жасты да, жасамысты да аяп жатқан жоқ. Қаншама арыстай азаматымыз «Covid»-тің кесірінен төсек тартып, кейбірі тіпті көз жұмды. Бастапқыда ауруға еш ем жоқ деп қиналсақ, қазір вакцинаның түр-түрі бар. Бірақ, оны алам деушілер аз. Осы кезге дейін толыққанды иммундау процесінен 2,8 млн қазақстандық өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өңірлер бойынша жағдай біркелкі емес. Шымкентте тұрғындардың 39 проценті вакцина алса, Маңғыстау облысында көрсеткіш 13 процент қана. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында 28 процент шамасында. Осыдан-ақ жағдайдың қаншалықты алаңдатарлық екенін байқауға болады.

Жалған паспорт жасаушылар да үкіметтің жолына кедергі. Президент оларды бірден анықтап, қатаң жазаға тартуды тапсырды. Бұған дейінгідей жауапкершілік жеңіл болмайды. Енді онымен Ішкі істер министрлігі жанынан құрылатын ведомствоаралық топ айналысады. Елге алдағы күз айларында «Спутник лайт» вакцинасы әкелінуі мүмкін. Немесе ол отандық фармацевтикалық зауытта шығарыла бастайды. Бұл – ресейлік екпенің жаңа түрі. Ал қазақстандық «QazVac» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Вакциналау қарқыны төмен өңірлерге арнап жылжымалы бригадалар құру қажет. Бұл ретте, әр аймақтың өзіндік ерекшелігін ескеру керек. Халықтың көзқарасын, пікірін біліп, былайша айтқанда «температурасын» байқаған жөн.  Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде ойланып жүргендері көп. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Батыстың кейбір дамыған елдері көз жеткізу әдісінен мәжбүрлеу шараларына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайлар болмаса, біз ондай қадамға бармаймыз.

Денсаулық сақтау министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізуге тапсырма берілді.  Антиваксерлер деген кімдер екенін анық әрі нақты түсіну керек және олардың толық әлеуметтік бейнесін ашу қажет. Президент бизнестің пандемия жағдайында жұмыс істеуге бейімделе бастағанын айтады. Бұған көбіне «Ashyq» қосымшасы оң әсер еткен. Дегенмен, жүйеге тіркелу кейде қиындық туғызады. Мұнда да бюрократиялық кедергі бар. Қалай десек те, ашық - қазіргідей пандемия жағдайында кәсіпті тұралатпаудың жалғыз жолы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Ashyq» қолданылатын жерлерді көбейту керек. Күнделікті мониторингін жүргізіп тұру шарт. Кәсіпкерлік нысандарын оған қосу кезінде қиындықтар туындайды екен. Бюрократиялық кедергілерге жол берілетін сыңайлы. «Атамекен» палатасы осы іске жауапты. Демек, мәселені тез арада шешіп, жүйеге қосылуды жеңілдетуі қажет.

Әкімдердің жұмысына сын тағы бір мәселе - өңірлерде ауруханалар талапқа сай емес. Жедел-жәрдем қызметі шақыртуларға тиісті құралдарсыз барады. Алтындай уақыттарын жоғалтады. Емдеу нысандары қажетті жабдықпен қамтылмайды. Жаңадан салынған модульді жұқпалы аурулар орталықтары ғана стандарттарға сай келеді.

Ал Алматыда екпенің бірінші дозасы бойынша вакциналаудың бір-ақ күнгі көлемі қалған. Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп, вакцинация қарқынына дұрыс болжам жасауға, сондай-ақ, жарамдылық мерзімін ескере отырып, вакцинаны қайта жіберу жүйесін жолға қоюға тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауруханалардағы төсек-орындарды індетпен ауырғандар үшін қайта дайындау ісіне байланысты жоспарлы операцияларды жасауға алтын уақытымыз кетіп жатыр. Нәтижесінде патологияның меңдеуі салдарынан қайтыс болған  науқастардың саны артуда. Бұл емдеу ісінің табысты болу мүмкіндігін барынша төмендетіп, емге көп қаржының жұмсалуына әкеп соқтырады

Құрбан айт кезінде жұрттың жаппай жиналуына жол берілмейді. Исі мұсылман үшін қасиетті мерекеде құрбандық онлайн форматта шалынады. Ол үшін арнайы «kurbandyq2021» сайты құрылған. Президент қоғамда індет жұқтыра тұра, көпшілік орында жүргендерді қатаң жазалауды тапсырды. Ниеті бұзық адамдар айыппұлдан құтылып кетпеуі шарт.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміздің әр азаматына айтарым - жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс.  Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет.

Қазір елде «жасыл аймақта» бірде-бір өңір қалған жоқ. Ең күрделі ахуал - елордада. Бас қала бесінші ай қатарынан «қызыл аймақта». Мұндағы ауруханалар күшейтілген тәртіппен жұмыс істейді.

Ералы Тоғжанов Премьер-Министрдің орынбасары:

– Қызыл аймаққа енген өңірлерде шектеулер күшейтілді. 4 өңірде қиын ахуал қалыптасып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы науқастану деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғары. Демалыс күндері локдаун енгізілді.

Коронавирустың жаңа штамдары елге әкелінбеуі қажет. Президент Денсаулық сақтау министрлігіне жағдайды ұдайы бақылауда ұстап, коронавирусқа қарсы тиімді тағы бір препаратnты өңірлерге жеткізу керек деді. Елдегі ахуал әлі де күрделі. Осы бастан қамданбасақ, жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Халықты вакциналау жиілесе, шектеу шаралары да жеңілдейді. Ал әзірге үкімет пен әкімдер коронавирусқа қарсы шараларын қайта пысықтап, нақты жоспарын Президентке алдағы 1 айда ұсынуы қажет.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы