Ақмола облысындағы эпидахуал: сырттан келгендерден қауіп басым

Ақмола облысында коронавирус өршіп барады.

Өткен тәулікте 178 адамнан ауру анықталған. Күнделікті өсім 0,6 процентке жетіп отыр. Қауіпті вируспен ауырғандар әсіресе, Көкшетау және Степногорск қалалары мен Бурабай ауданында көп тіркелген. Бұған сырттан келетіндер себеп, – дейді санитарлық дәрігерлер. Оған «Ашық» қосымшасының деректері де дәлел. Мәселен, көктемнен бері аймақта көпшілік нысандарға кірмек болған қызыл және сары мәртебесімен 260 адам анықталса, соның жартысынан астамы Көкшетау мен Бурабайда болған. Ал өзі ауырып немесе ауырған адаммен байланыста бола тұра қыдырып жүргендердің көбі – елордалықтар.

Жалпы пандемия басталғалы Ақмола облысында 26 мыңнан астам адам індетке шалдығып, 100-ге тарта жан көз жұмды.

Сәуле Сәдуақасова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары:

– Мәселен, Бурабай ауданын алатын болсақ, онда шілде айының басымен салыстырғанда ауру көрсеткіші қазір 33,8 процентке өскен. Міне, бұл індеттің сырттан келген адамдардың себебінен өршіп жатқандығының айқын көрінісі. Себебі, ол жерге туристер жан-жақтан келеді. Сондықтан, тұрғындарды карантин талаптарын қатаң сақтауларын сұраймыз.