Президент тапсырмасы бақылауда

Жамбыл облысында мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатыр.

Мәселен, Қордай өңірінде қыстауға 471 мың тонна шөп қажет. Жоспар 70 процентке орындалды. Қазір осы мақсатта ауданның әр ауылдық округінде арнайы жұмыс тобы құрылды. Мамандар мұнда дайындама барысын бақылайды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мал азығын дайындап, қамтамасыз ету жайын назарға алған болатын. Сондай-ақ суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуді реттеу бойынша да нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі Қордай өңірінде болып, Президенттің ауылшаруашылығы жөніндегі тапсырмасы ауданда қалай орындалып жатқанын тексерді.

Жұмабек Әшкенұлының шаруа қожалығы егін егумен айналысады. Жер емген дихан негізінен дәнді дақылдар өсіреді. Алынған дайын өнім қоймаға жеткізіледі. Қордай ауданында   көкөніс сақтайтын, жалпы сыйымдылығы 40300 тоннаны құрайтын 32 қойма бар. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудандағы қоймалардың санын арттырып, олардың сыйымдылығын 100 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының тұрақтандыруда да айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Себебі қазір мал азығын дайындау жайы бақылауда. Ал Қордайлықтар қазірдің өзінде жоспардың 70 процентін орындаған. 

Әділет Қаспақбаев, Қордай аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бізде 19 ауыл округ бойынша 41 елді-мекен бар. Сол елді-мекендерге әр ауылдан комиссия құрамы тағайындалып ауылдағы үйлерге кіріп қанша малы бар соған қанша мал азығы керек екені бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазір маңызды мәселенің бірі – ағын су. Аймақ басшысы Қырғызстандағы «Чумыш» су торабы нысанын аралап, аудан әкіміне жағдайды бақылауды ұстауды тапсырды. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін арнайы штаб құрылып, сумен қамтамасыз ету кестесі жасалды. Өңірде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысы да назарда. Мұнда Бердібек Сапарбаев шетелдік сарапшылардың қатысуымен кеңес өткізді.

Ерлан Орынбаев, Құрылыс басқармасының басшысы:

Құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. Технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілді және монтаждау жұмысы жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта технологиялық жабдық тексеріліп жатыр.

Биофармацевтикалық зауыттың қызметкерлері үшін мұнда 180 пәтерлік 3 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары екі айдың ішінде аяқталатын болады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә