Алматыда 77 мың түп ағаш құлағалы тұр

Жалпы мегополисте 2 жарым млн тал-терек болса, соның 23 проценті қурап кеткен.

Бұл уақытында суарып, күтім жасамағандықтан. Тіпті аяқасты апатты жағдай болса, соңы жазатайым оқиғаға апарып соғуы мүмкін. Яғни техниканы айтпаған күннің өзінде, адамды басып қалу қаупі бар.

Қураған ағаш адамның өмірін мүгедек етуі мүмкін. Оған таяуда ғана 9 жасар баланың үстіне құлаған соңғы жағдай мысал бола алады. Балақай ауыр жарақат алып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Бұған қатысты іс қозғалған жоқ. Ол үшін жауапкершілікті кім алғаны белгісіз. Полицияға да, төтенше жағдайлар департаментіне де бұл оқиға тіркелмеген. Әуезов аудандық әкімдігі де үндемей қалуды жөн көрген.

Ресми ақпаратқа сәйкес, мегаполисте шамамен екі жарым миллион ағаш бар. Оның 77 мыңы айналаға қауіп төндіреді.

Олжас Жанысбаев, қалалық Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы:

– Алматы тұрғындары қаланың қоғамдық өміріне өте белсенді түрде араласады. Ағаш кесетін болсақ , біз алдымен қоғам пікірін тыңдаймыз. Әсіресе, халық көп тұратын аудандарда, жол бойындағы ағаштарды кесерде, қарсылық білдіріп жатады. Біз әрине түсіндіріп айтамыз. Көп жылдан бері өсіп тұрғандары сәл соққан желді көтере алмайды. Сынып, құлап жатады.

Расында кәрі ағаш болса және оны сақтап қалу мүмкін болмаса, онда кесуге тура келеді. Оған рұқсатты тек қалалық жасыл экономика бөлімі береді. Есесіне бір ағашты кескеннен кейін міндетті түрде орнына 10 түп отырғызуы керек. Егер тұрғындар адам өміріне қауіп төндіретін қураған ағашты байқаса egov порталы арқылы өтінім бере алады. Содан кейін жасыл экономика басқармасының маманы келіп, ағаштың жағдайын бағалап шешім қабылдайды. Оны санитарлық кесу дейді.

Кеңес Нұргелді, Ж.Жиенбаев атындағы өсімдік қорғау және карантин ғзи ғылыми қызметкері:

– Жалпы қураған ағаштарға мониторинг жұмыстарын жүргізіп ағаштарды анықтап жағдайын біліп, одан кейін ғана кесіп алып тастауға кеңес береміз. Ағаштардың жағдайына байланысты біз мониторинг жүргізіп ағаштың діңінен буыр арқылы анализ алып оны лабораториялық жағдайда зерттеп ағаштың жасын, қай жылы су ішкенін, қай жылы ауырғанын ,қай жылы зиякестер келгенін, сол ағаштың діңінен буыр арқылы, сақиналары арқылы жасын анықтап қай жылы су ішкенін , су ішпегенін анықтап бере аламыз.

Мамандардың айтуынша, Алматыдағы тағы 450 000 ағаштың жағдайы мәз емес. Дегенмен, дұрыс күтім жасаса жасыл желекті құтқарып қалуға болады. Ол үшін зиянкестерден қорғап, биологиялық тазарту жүргізіп, түбін тыңайтқышпен қоректендіру қажет.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон