А. Цой: Қыркүйек айына дейін 5 млн қазақстандық екпе алады

Қыркүйек айына дейін 5 млн қазақстандық екпе салдырады. Мұндай жоспарды бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой арнамызға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі көрсеткіш 2 миллион 800 мың. Яғни осынша қазақстандық вакцинаның екі бірдей препаратын алған. Алексей Цойдың айтуынша, емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дегенмен, таяу арада мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ремдисивир» атты препарат өңірлерге толық көлемде жеткізілуі тиіс. Оның тиімділігі шет мемлекеттерде дәлелденген. Қазір қазақстандық медицина қызметкерлері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Сала басшысы министрлік «пандемия тұсындағы тіршілік» деген атаумен ауқымды жоспар дайындап жатқанын жеткізді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық Сақтау Министрі:

– Былтырғы жағдаймен салыстырғанда биыл пандемияға дайындығымыз жақсы. Төсек орын жеткілікті, дәрі-дәрмек қоры да бар. Жүйе жолға қойылған. Медицина қызметкерлері де үйренді. Олардың 90 проценті вакцина алды. Жаңа ауруханалар салынып, ковидке шалдыққан адамдарды емдеп жатырмыз. Қыркүйек айына дейін 5 млн қазақстандық екпе алады. Балаларға келсек, оларға вакцина салдыру ата-аналарының рұқсатымен жүргізіледі.

ТАМЫЗ АЙЫНДА ДЕРТТІҢ ТАРАЛУЫ ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТУІ МҮМКІН

Алексей Цойдың айтуынша, тамыз айында елде тәулігіне 11 мың адам коронавирусқа шалдығуы мүмкін. Бұл – пессимистік болжам. Реалистік тұрғыда 9 мыңның шамасында тіркеледі. Яғни келер айда дерттің асқынуы шарықтау шегіне шегеді. Қазіргі көрсеткіш - тәулігіне 5 мың. Сәйкесінше, өңірлерде карантиндік шектеулер күшейтіледі. Төсек орындар 70 процентке толса, мәжбүрлі шаралар қабылданады. Әзірге мұндай шектеулер елордамен қатар, тағы 3 аймақта енгізілген.