Министрлік балаларға вакцина салуға қатысты жоспарын айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерді Pfizer/BioNTech препаратымен вакциналау жоспары туралы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24» Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«Біз тек балаларды вакциналауға мүмкіндік береміз. Министрлікке балаларды қорғау үшін вакцина табу туралы қанша өтініш түсіп жатқанын білесіз. Амал не, біз ересектерге осындай мүмкіндікті береміз де, ал балаларға қазір көмектесуге мүмкіндігіміз жоқ. Яғни, бұл ата-ананың таңдау құқығы. 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын қолдану ұсынылды.Біз 12 жастан асқан жастағыларды назарға алып отырмыз. Балалар жасына назар аудара отырып, олар вакцина салдыруға мүмкіндік алады. Тиісінше, азаматтар вакциналау керек пе, жоқ па - мұны өздері шешеді, бірақ біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вакцина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штаммдар балаларға әсер етеді», – деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігі басшысына балаларға Спутник V және QazVac вакциналарын қолдануға мүмкіндік беретін сынақтар жоспарланды ма деген сұрақ қойылды.

«Спутникке» келетін болсақ, біздің білуімізше, мұндай клиникалық зерттеулерді қазір әріптестеріміз бен вакцина өндірушілер жүргізіп жатыр. QazVac - Қазақстан заңнамасында балаларға клиникалық зерттеулерге тыйым салынған. Біз қазір QazVac бойынша мұндай зерттеулер жүргізбейміз», – деп жауап берді Цой.

Бұған дейін Қазақстанда балаларды Pfizer препаратымен вакцинациялау мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған. Ал шетелде Pfizer және BioNTech вакциналарын балаларға салу басталған. Солардың ішінде Канада әлемде бірінші болып 12 жастағы және одан асқан балаларға вакцина салдыруға рұқсат берді.

Ал жоғарыда аталған Pfizer вакцинасы елге жыл соңына қарай 2 миллион дозамен келуі мүмкін.

Айта кетейік, кейінгі мәліметке қарағанда, 2021 жылғы 18 шілдеде Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-ші компонентін 4 895 174 адам, 2-ші компонентін 2 798 360 адам салдырған.

 

 

 

Сондай-ақ...