Алматыда бизнес орталық ғимараты құлаудың алдында тұр

Алматының құрылыс жоспарына қатысты тағы шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы дауға тұрғын үй салушы мен бизнес орталық иелері себеп. Екі жақ та келісімге келер емес. Ал жауапты органдар мәселені шешуге асықпайды. Келіспеушіліктің салдарынан бүтіндей бір ғимарат жер сілкінсе, құлап қалуы әбден мүмкін.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл бизнес орталықты алматылық кәсіпкер Бекзәкір Құралбаев осыдан 5 жыл бұрын салған. Ғимараттың бір бөлігін қойма ретінде қолданып, енді бір бөлігін 30-ға тарта компанияға жалға береді. Қазір мұнда 200-дей адам шағын кәсіппен айналысып жүр. Мәселе осы нысан жанынан салынып жатқан көп қабатты үй құрылысынан кейін туындады. Gul Ana атты мердігер бизнес орталық иесімен келіспей, нысанға жақын маңнан жерасты паркингін салуды бастап кеткен. Онысы тиісті талаптарға да сай келмейді.

Айдар Битемір, бизнес орталықтың директоры:

- Арнайы талаптар бойынша егер нысан құрылысы 5 қабаттан асатын болса, қатар тұрған екі ғимараттың арасы кемінде 15-20 метр болуы шарт. Бұл ереже мүлде орындалмады. Бізге жап-жақын маңнан паркинг құрылысын бастап кетті. Бастапқы жобаларында солай көрсетілген дейді.

Бизнес орталық иелері құрылыс компаниясы талаптарды мүлде орындамаған дейді. Тиісті органдарға бірнеше рет жүгінген. Прокуратура, Төтенше жағдай қызметі өкілдері бұл мәселеден хабардар. Түсірілім барысында арна тілшілеріне құрылыс компаниясы қызметкерлері тарапынан шабуыл жасалды.

Айдар Битемір, бизнес орталықтың директоры:

- Прокуратураға арыздандық. Төтенше жағдай қызметіне де шағым түсірдік. Біздің құзыретімізге кірмейді деп жауап қайырды. Әкімдік те әрекет етуге асығар емес. Бір күні жер сілкініп, ғимаратымыз құлап қалса, кім жауап береді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, әлгі паркингтің кесірінен нысан қабырғалары жарылып жатыр.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін қалалық құрылыс бақылау басқармасына хабарластық. Ондағылар Gul Аna және Kaz SMU мекемесі тұрғын үй кешені құрылысын тиісті талаптарға сай жүргізіп жатқанын жеткізді. Дегенмен, алдағы уақытта арнайы тексерумен баратынын айтты.

Дархан Ақыбаев, қалалық құрылыс бақылау басқармасы бөлімінің басшысы:

- Түскен шағымға байланысты басқарма тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Ол бас прокуратураның арнайы есебіне тіркеледі.

Проблема өзекті күйінде қалып отыр. Бизнес орталықта жүздеген адамның өміріне қауіп төніп тұр. Прокуратура немесе төтенше жағдайлар қызметі өкілдері жағдайға араласпайынша, мәселенің бүгін-ертең шешімін табуы екіталай.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...