Түркістан тұрғындары Құрбан айт намазына қатысты

Бүгін Түркістан қаласының тұрғындары да таңмен таласа тұрып, Құрбан айт намазына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантиндік шектеулерге байланысты жиналған жұрт намазды мешіттің ішінде емес, ауласында, ашық аспан астында оқыды.

Жиналған жамағат оған да «шүкір» десті. Себебі былтыр карантинге байланысты иісі мұсылман қауымының ұлық мейрамында тұрғындар мешітке бара алмай қалған болатын. Сондықтан Алла үйін сағынған халық намазды сыртта оқыса да жамағатпен бірге сәждеге бас қойғанына риза. Бәрінің көңілдері көтеріңкі, жүздерінен мерекелік қуаныштың лебі сезіледі. Намаз барысында маска тағып, арақашықтықты сақтауға аса мән берілді. Алайда қауіпсіздік шараларына байланысты айт намазы біткен бойда халық мешіт ауласында ұзақ тұрмай, құрбандық шалуға асықты.

Еркебұлан Қарақұлов, облыстың бас имамы:

- Облысымыздың бас санитариялық бас дәрігерінің нұсқауларын сақтауға тырыстық. ТО бойынша барлық аудан, қалаларда осы нәрсені ескере отырып, айт намазын жүзеге асырдық. Қабыл болсын. Ары қарай да құрбандық шалу рәсімдері толыққанды осы бас санитарлық дәрігердің нұсқауларын негізге ала отырып жүзеге асырамыз. Бас мүфти Наурызбай қажы онлайн түрде тапсырыс беріп, құрбандық шалуға да шақырды. Осылардың барлығын карантиндік талаптарды негізге ала отырып, жүзеге асырамыз ба деген ойымыз бар.