БҚО-да жағажайдағы жаға ұстатқан сауық кешіне байланысты іс қозғалды

Батыс Қазақстан облысында жағажайлардың бірінде ұйымдастырылған сауық кеші жұрттың жағасын ұстатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғаламторда тараған видеоға қарағанда, шараға жүзден астам адам жиналған. Арасында кейбірі сахнаға шығып, жалаңаш билеген. Әлеуметтік желі қолданушылары бейәдеп қылық көрсеткен адамдарды жазаға тартуды талап етіп отыр. Оқиға Бәйтерек ауданында болған. Шараны өткізген кәсіпкерге 670 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал полиция департаменті оқиғаға қатысты «ұсақ бұзақылық» дерегі бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Сауық кешіне қатысқан 29 жастағы бір адамның ғана жеке мәліметі анықталды. Қалғандары әлі тексерілу үстінде. Коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штаб отырысында аймақ басшысы Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданының әкіміне сөгіс жариялады.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

- Жас ұл-қыздарымыздың мұндай әрекет жасауы - дабыл қағатын мәселе. Бәйтерек ауданы әкімдігінің карантиндік талаптарды сақтау шараларын қадағалау жұмыстары тиісті деңгейде емес екенін айта кеткім келеді. Осы ретте Бәйтерек ауданы әкіміне сөгіс жариялаймын. Аудан әкімінің орынбасары және ауыл әкіміне өзіңіз тиісті шара қолдануды тапсырамын.