БҚО-да соңғы аптада коронавирус 14%-ке өршіді

Батыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қаупі жағынан «қызыл аймақта» тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы аптада ауру өсімі 14%-ке дейін өршіп кеткен. Өткен тәуліктің өзінде 200-ден астам адам індет жұқтырды. Аймақта жасырын думанды кеш өткізу деректері тыйылар емес. Карантинге алынған 82 адам қоғамдық тамақтану орындарына барған. Облыстық жедел штаб отырысында Бас санитар дәрігер демалыс күндері жағажайларды жабуды ұсынды.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Сенбі, жексенбі күндері қаулыға өзгеріс енгізуге ұсыныс беріп отырмын. Екпеге қарсы бізде 1 ақпаннан бері 150 мыңдай адам қамтылды. Ол 41%-ті құрап отыр. Екінші компонентпен қазір 84198 адам қамтылды. Ол 23,3%-ті қамтып отыр. Бізде вакцина бар. 60 мыңдай вакцина бар. Сондықтан барлық адамдарды уақытында вакцина алуға шақырамын.