Республика бойынша 2500 адам онлайн құрбандыққа тапсырыс берген

Бұл бүгін түске дейінгі көрсеткіш. Жалпы қалыптасқан жағдайды түсініп, жаңа форматты қолданып жатқандар артып келеді дейді еліміздің бас мүфтиі.

Ол бүгін елорда іргесіндегі мал сою орындарын аралап, онлайн құрбандық барысын бақылады. Әр тапсырысты Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасындағы штаб ресми тіркейді. Оның орындалуын да басқарма мамандары жіті назарда ұстайды. Тапсырыстың көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан түсіп жатыр. Алдағы уақытта бұл жүйені тек Құрбан айт мерекесінде ғана емес, кез келген уақытта қолдану қажет. Мұндай тәжірибе Түркия, Малайзия және Біріккен Араб Әмірліктерінде бұрыннан бар дейді бас мүфти.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

– Онлайн құрбандықты біз тек қана құрбан уақытында емес, алдағы уақытта жыл он екі ай жүйені қалыптастырып, қалдыруға ниет қылып отырмыз. Қазақ әрқашан құрбандық шалған, дәстүрімізге сай қалыптасқан дүние ғой. Кез келген кісі сапарда жүрсе, басқа жағдайда жүрсе, қалалық тұрғындарға кішкене қиын соғады. Сыртына бару керек, базарға бару керек, сондай адамдар ниет білдіріп жатса, осы онлайн құрбандық арқылы қолын созса болады.