Қарауыл ауылының тұрғындары ауданға қатынайтын автобусқа зар – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылының тұрғындары рейстік автобусқа зар. Аудан орталығына қоғамдық көлік қатынасы 2 жыл бұрын тоқтаған. Содан бері ауыл азаматтары Семейге жолақысы қымбат таксимен баруға мәжбүр.

Автовокзалдан бұрын адам арылмайтын. Қазір жолаушы отыратын орындықтары бос, ғимарат қаңырап тұр. Семей-Қарауыл бағытындағы автобус тоқтағалы бері жергілікті тұрғындар аудан-қалаға жеңіл көлікпен қатынайды.

Ырыстыбала Махат, ауыл тұрғыны:

- Қазір елдің бәрі таксимен жүр. Автобус болғаны дұрыс қой халыққа, көп жыл болды, жүрмейді. Такси 2 жарым мың теңге, бір кісіге баламен мінсең балаға да сондай ақша алады.

Нұрбек Төлеутай, ауыл тұрғыны:

- Автобус керек қой. Арзан болса, уақытылы жүріп тұрса. Бұрындары бәрі отыратын Абайдың халқы түгел. Автобус енді бір жерге түсіріп кетеді. Қалаға барсаңыз әрі қарай такси жалдайсыз.

Автовокзалдың жабылуына тиімсіздігі себеп болған. Жолаушы тасымалдаушы серіктестік шығынға батқасын бұл бағыттан бас тартыпты. Аудан әкімдігі рейстік автобусты қайта жүргізуге тырысып, мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған. Алайда оған қызығушылық танытқан кәсіпкер жоқ.

Сырым Рақымжанов, ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Егер табылып, ынта білдірген жағдайда жолаушы басқармасына жіберіп, өзіміз бірге барып құжаттарына көмектесіп атсалысуға аудан әкімдігі әзір. Бірақ та қазір осымен айналысатын кісі табылмай отыр.

Қарауыл ауылында жаңа шағын аудан бой көтерді. Осыған орай елді мекен ішімен жүретін автобусты іске қосу жоспарда тұр. Бұл туралы ұсыныс облыс әкімдігіне жолданған. Мақұлданған жағдайда кезекті конкурс ойналып, ұтқан тасымалдаушыға субсидия беріледі. 

Талғат Исламұлы, Берік Жобалайулы