Теміртауда қазақ тілінде қызмет көрсеткісі келетін сатушылар арнайы курстан өтті

Теміртауда қазақ тілінде қызмет көрсеткісі келетін сатушыларға арнайы курс ұйымдастырылды. Мамандар сауда орындарына барып, саудагерлерге мемлекеттік тілді үйретіп жатыр. Сатушылар ең алдымен тұтынушыларға қызмет көрсетуге қажетті сөздік қорын байытады.

Сатушылар жұмыс уақытының жарты сағатын қазақ тілін үйренуге арнап жүр. Тіл мамандары сауда орындарына өздері келіп, сабақ береді. Теория мен тәжірибені тоғыстыру да қолжетімді. Өйткені кәсіпкерлік нысан қызметкерлері курстан соң бірден кассаға барып, үйренгенін қызмет көрсету кезінде қолданып көреді.

Татьяна Федорчук, сауда үйінің әкімгері:

- Біз сәлемдесу тақырыбында біраз үйреніп қалдық деп ойлаймын. Курс қызықты өтіп жатыр. Негізінен бізге сауда-саттықққа қатысты дәрістер оқылады.

Сауда үйлерінің электроника және киім-кешек бөліміндегі қызметкерлерге тіл курсы оңайға соқпады. Өйткені техника мен сән саласында жаңа термин көп. Әйткенмен, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін сөздік қорды байыту маңызды. Сондықтан сатушылар барынша тырысып бақты.

Гүлмира Олжабаева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

- Осы жобаға ең алғаш ниет білдірген 2 сауда орталығы бар. Жалпы тыңдаушылардың саны 29 адам. Өздеріне керекті сөздік қорларын алып, өздеріне керекті терминдермен таныса алады осы сабақта. Әрине бұл курстарымыз бізде тегін түрде жүргізіледі.

Сауда саласының қызметкерлеріне арналған курс 21 сабақтан тұрады. Оған қоса мамандар мемлекеттік тілді жан-жақты үйрету үшін тереңдетілген бағдарлама әзірледі.

Еркебұлан Смадияров, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...