Қызылорда облысының тұрғыны тұзды жерге қарбыз өсіріп шығарды

Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны Нұрлыбек Нұрқожаев тұздылығы шамадан 7 есе көп топыраққа қарбыз егіп шығарды.

Тамшылатып суару арқылы бақшасын жайқалтқан шаруа қазір дақылын көрші Арал мен Қармақшы аудандарына сатып отыр. Егінші өткен жылы инновациялық идеясын қорғап, 2 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Қаражатқа түркиялық жоғары технологиялы қондырғы әкеліп, 4 жарым гектарға қарбыздың шетелдік сұрыптарын егеді. 2 айдай тыңайтқыш беріп, кетпені қолынан түспеген диқан әр гектардан 20 тоннадай өнім алды. Нұрлыбек Нұрқожаев жоба шарты бойынша 2 адамды жұмыспен қамтып, қазір кеткен шығынды жапты. Қарбыздан бөлек бір гектар жерге асқабақ пен қияр еккен ол, келер жылы егіс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Бірақ алдымен топырақ тұздылығын шаятын лазерлі тегістеуші техникамен алқапты терең өңдеу қажет. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімдігінен көмек сұрапты. Инновациялық субсидияға қол жеткізуден де үмітті.

Нұрлыбек Нұрқожаев, егінші

- Осы субсидия болған жағдайда егіс көлемін екі есеге үлкейтуге жұмыс жасаймын деп жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта 5 гектар дайындаған жер көлемінің ар жағында біраз жер бар. Мүмкіншілік бар, тағы да суды үнемдеу технологиясы жаңбырлатып суару арқылы мал азығын дайындауға да бетбұрыс жасаймыз деп отырмыз.