424,60 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы Құрбан айт: блокпост қашан алып тасталады?

  • 84
  • UPD: 21:35, 20.07.2021

Алматының кіреберісіне 12 бекет қойылып, тәртіп күшейтілді. Бұл шара Құрбан айтта қала ішіне сойыс малын өткізбеу мақсатында қолға алынды. Бекеттер 22 шілдеге дейін жұмыс істейді. Қала тұрғындары qurban2021.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс беріп, құрбан шалуды қашықтан өтей алады.

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны артуда. Сондықтан Құрбан айт мерекесі биыл да онлайн өтуде. Құрбан шалу үшін арнайы сатқа өтініш қалдыруға болады. Содан соң, қала мешітінің өкілдері тапсырыс берушінің атынан дұға жасап, құрбандықтың етін аз қамтылған отбасыларға таратады.

Төлеби Оспан, қаланың бас имамы:

- Екі жақтың да тиімді тұстары бар. Біріншіден, шалушының уақыты шығын болмайды. Мынау қазір індет өршіп тұрған кезде өз денсаулығын сақтай отырып, мына мұқтаждарға біздің еріктілердің көмегімен оларды да бері қарай сабылтпай, олардың да уақытын шығындамай, ерікті топ өздері барып, үйлеріне жеткізіп береді.

Алматының Орталық мешітінің волонтерлері түске дейінгі уақытта 400 отбасыға құрбандық етін жеткізген. Олар барлық санитарлық талаптарды ұстануда. Құрбандық етін соятын қасапшылар да қатаң талаптармен қабылданған. Олардың кәсібилігін дәлелдейтін сертификаттары бар.

Сан Әбиев, қасапшы:

- Осы қойларды сойып, мұқтаж жандарға онлайн режимде таратып жатырмыз. Осы карантинге сәйкес, барлығы маскамен, сертификат алған жігіттер. Қабыл болсын құрбандықтарыңыз. Айттан айтқа төрт көзіміз түгел болып жете берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. 

Онлайн құрбан шалуға қала тұрғындарынан 784 өтініш түскен. Мешіт өкілдері барлық тапсырыс үш күн ішінде қамтылады деп отыр.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы