Әсел Айтпаеваның денесінен Мейірбековтің ДНҚ ізі табылғаны теріске шығарылды

Әсел Айтпаеваның қазасына қатысты күдікті Мұрат Мейірбековтың ісі Қазақстанға тапсырылды. Бұл туралы Мейірбековтың Грузиядағы қорғаушысы хабарлады. Заңгер неліктен істің Грузияда жабылғаны белгісіз екенін айтты.

Қорғаушы бұған дейін қазақстандық ақпарат құралдарында «Әсел Айтпаеваның денесінен Мұрат Мейірбековтың ДНҚ ізі табылды» деген мәліметті жоққа шығарды.

Имеда Каркашадзе, адвокат:

- Мұрат Мейірбековтың ісін Қазақстанға тапсырды. Бұл түсініксіз. Іс қылмыс болған және тергеу өтетін елде қаралуы тиіс. Ал сараптамаға келсек, оның қорытындысын алған жоқпын. Прокуратурамен сөйлескенде сараптамалық тұжырымды Мейірбеков емес, қайтыс болған грузин бойынша қабылдағаны анықталды. Мұрат Мейірбеков жөнінде ондай сараптама жоқ. Түрлі әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат дұрыс емес. Тек Бесо Тордуа бойынша сараптама бар.