Атырауда Құрманғазы ауданына жолаушы пойызын шығару үшін ашық конкурс жарияланды

Атырауда Құрманғазы ауданына жолаушылар пойызын шығару үшін ашық конкурс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімдігі Құрманғазы ауданы тұрғындарының өтінішіне қолдау білдірді. Қазір жолаушылар пойызын іске қосу мәселесі талқыланып жатыр.

«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бұл проблеманы үнемі бақылауында ұстап, жылдамдатып шешуді тапсырған болатын. Облыстық мәслихат бұл бағытта пойыз жүргізуді әлеуметтік маңызы бар іс-шара ретінде қолдады» деп ақпарат таратты облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Төлек.

Айтуынша, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 13 шілдеде «Атырау-Аққыстау-Құрманғазы-Д.Нұрпейісова» бағытында теміржол көлігі арқылы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін ашық конкурс жариялаған.

«Конкурсқа қатысып, тасымалдаушы болғысы келетін 5 мекеменің құжаттары қабылданды. Қолданыстағы заңдарға сәйкес, конкурстық комиссияның отырысы өтіп, жеңімпаз анықталып, хаттама толтырылады. Содан кейін басқарма мен мердігер мекеме арасында келісім-шарт жасалады», -дейді Ержан Төлек. 

Атырау-Астрахань пойызы тоқтағаннан бері халықтың жолға шығуы азапқа айналған