Сенатор Алматы облысындағы мемлекеттік қызмет сапасымен танысты

Сенатор Ләззат Сүлеймен Алматы облысына сапары барысында Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы Ілияс Есенберлин және Кемел Тоқаев атындағы жалпы білім беретін мектептерде болып, оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталуымен және қауіпсіздік мәселелерімен танысты.

Сенат депутаты жылжымалы медициналық вакцинация кешеніне келген азаматтармен кездесіп, аудан әкімдігіндегі қызмет көрсету қағидасы бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік қызметтің сапасымен танысты.

«Бірінші кезекте, әрбір салада азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуы маңызды. Өздеріңіз білетіндей, Президент «халық үніне құлақ асатын мемлекет»тұжырымдамасын жария етті және оны іске асыру басым бағыт болып табылады. Осыған байланысты билік әрқашан халыққа жақын болып, азаматтардың проблемаларын естіп қана қоймай, оларды заң аясында шешудің барлық жолдарын қарастырып, пәрменді шаралар қабылдауға тиіс. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ләззат Сүлеймен.

Ол сонымен қатар облыс орталығындағы қалалық сот, прокуратура, ішкі істер бөлімі және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аясын ажырата отырып, қылмыстық процестің үш буынды үлгісін енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Кездесу барысында тікелей сайлау өткізілгеннен кейін ауылдық округ әкімдерін оқыту мәселесі де қаралды.