Елорда әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелердің қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізуде.
«Салауатты Астана» ЖШС-ға және «Шипагер» ЖШС-ға жұмысы бойынша жұрт тарапынан түскен шағымдар негізінде ескерту жасалды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы осы жекеменшік медициналық мекемелердің басшыларына құқықбұзушылықтың барлық жағдайы мен фактілері бойынша проблемаларды шешуді тапсырды.
«Басты басымдық білікті медициналық көмек көрсету және қызмет көрсету сапасын арттыру болып қала береді. Әрине қалада қалыптасқан тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай медициналық қызмет көрсету жұмысын қайта қарауға мәжбүр етті, бірақ жұрт ары қарай да зардап шекпеуі тиіс және кез келген жағдайда медициналық көмекті толық көлемде алуы қажет», - деп атап өтті қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
Естеріңізге сала кетейік, қалада 186 мобильді бригада жұмыс істейді. Мобильді бригадалар КВИ анықталған пациенттердің үйіне барып ПТР-тест қабылдап, олардың денсаулық жағдайын бақылайды. Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша мобильді бригадалар саны 100 бригадаға дейін көбейтіледі. Осылайша, олардың саны 300-ге жетпек.