Павлодар облысында теміржол бойында заң бұзу дерегі азаймай тұр

Павлодар облысында жыл басынан бері теміржол бойында мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшылары профилактикалық шараларды күшейткенімен, заң бұзу дерегі азаймай тұр. Пойызда ішімдік ішу, вокзал аумағында тазалық пен қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайы жиі болады. Ұсақ бұзақылық жасаған тұрғындарға 1 млн 300 мың теңге айыппұл салынған. Қазір оның 70%-і өндірілді. Одан бөлек, темір жолдың бойында жазатайым оқиғалар да жиілеп кетті.Рұқсат етілмеген жерден өтпек болған бір адам жарақат алса, тағы бір тұрғын оқиға орнында мерт болды. Адамдар көбінде құлаққап киіп, ескерту дабылын естімей қалады.

Архат Күленов, желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:

- 2020 жылы бізде теміржолда жарақат алу сияқты оқыс оқиғалардың алты фактісі тіркелді. Оның ішінде, өкінішке орай, үш факті бойынша азаматтар қайтыс болды. Үш факті бойынша азаматтар мүгедек болып қалды. Биыл да осындай фактілер тіркеліп отыр. Екі фактісі тіркелді.