Елімізде жас отбасылардың ажырасу көрсеткіші Азия елдері арасында алдыңғы қатарға шықты

Елімізде жас отбасылардың ажырасу дерегі көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсеткіш Азия елдері арасында алдыңға қатарға шыққан. Президент қоғамның өзекті мәселесін алдын алып, отбасы саясатын үйлестіруді жолға қою үшін пәрмен берді. Осы мақсатта Шымкент қаласында Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері жергілікті билік өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Отбасы институтын нығайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмаудың жолы қайсы? Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шарадан Нұрсұлтан Мұхамеджан сөз алады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірлерінде отбасын құрушылардың саны басым. Үшінші мегаполисте қаңтар мен сәуір айларында 3 мыңға жуық жас отау құрған. Ал ажырасу дерегі керісінше, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір азайыпты. Жиында осы басымдықты сақтап қалып, бала құқығының да бұзылмауы әңгіме өзегіне айналды.

Ләззат Рамазанова, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы:

- Заң қайтарылса да, проблема кетпеген сияқты. Бұл ең бірінші ер азаматқа байланысты. Себебі отбасының амандығын, болашағын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тек қана әйелдер емес.

Сондай-ақ отырыста отбасындағы ата-ананың рөлі мен отағасының бала тәрбиесіндегі маңызы айрықша екендігі айтылды. Сондай-ақ психолог мамандарды лицензиялауға басымдық беру мәселесі көтерілді. Себебі сауатсыз мамандардан қоғам пікірі бұзылуда деген ойлар жиі көтерілуде.

Мақсұтбек Айтмағанбет, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Бірінші күннен бастап баласының саналы түрде әке болуы, саналы түрде ана болуы. Бұл өте маңызды нәрсе. Сондықтан басқа мемлекет демей, мектеп демей, қоғам демей, ата-ана ең бірінші болып балаларына еге болуы керек. Балаларын тәрбиелеу керек.

Лимана Қойшиева, ҚР Психологтар лигасының мүшесі, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті:

- Балаларға ата-ананың өзі 20 минуттан кем ғана уақыт бөлетін болса, мектеп психологтарына тіпті балалармен жұмыс жасауына уақыт бөлінбеген екен.

Кездесуде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР заңының жобасы талқыланып, ұсыныстар жинақталды. Айтып өтейік, мұндай жиын еліміздің басқа да аймақтарында өткізілмек.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов