Жамбыл облысының шаруаларын қуаңшылық қыспаққа алды

Қуаңшылық Жамбыл облысының шаруаларын да қыспаққа алды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Мал баққан ағайын қысқы мал азығын дайындай алмай отыр. Оның үстіне жем-шөптің бағасы күрт қымбаттап кетуі жығылғанға жұдырық болып тиді. Фермерлер мемлекеттен көмек сұрайды.

Мал азығынан тарыққан фермерлер арыз-шағымдарын арқалап, ауыл шаруашылығы басқармасына келді. Олардың айтуынша, мамандар шөпті Шу мен Мойынқұм аудандарынан тасымалдауды ұсыныпты. Алайда мұндай жұмыс үлкен шығынды талап етеді.

Қадырқұл Мышбаев, шаруа:

- Ол жақтан бері қарай тасу үшін көлік керек. Бір КамАЗ-ды 500 мыңға жалдаймыз. Үлкен-үлкен қамыс ол жақта. Құнарсыз. Мен 1997 жылдан бері шаруа қожалығын құрған адаммын. Бірақ бір адамның келіп, біздің жағдайымызды сұрағанын естіген жоқпын.

Жантақбай Есбергенов, шаруа:

- Биылғы жылы мынандай қуаңшылық болып жатыр. Өте қиын. Жем-шөп болмай қалды. Аз мөлшерде ғана. Соған мемлекеттен сұрайтынымыз, министрліктен сұрайтынымыз, соған қаражат бөлсе.

Былтыр мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 800 бас ұсақ мал сатып алған Қарасай Каримовті де қытымыр қыстың қамы қынжылтады. Егер жем-шөп дайындау мәселесі шешілмесе, төккен тер текке кетуі мүмкін.

Қарасай Кәрімов, шаруа:

- Мал қырылған жағдайда субсидиясын қайыра алмаймыз. Қайыратын жағдайымыз жоқ. Малдың басын сақтау үшін өзіміз тірлік жасап, шабындыққа әкеліп жайып жатырмыз. Шабындықтың да шөбі өте төмен. Оруға келмейді. Ал тауда су жоқ.

Облыста төрт түліктің қысқы азығын дауындау үшін 1 млн 700 мың тонна шамасында шөп жинау қажет. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жоспардың 75%-і орындалғанын алға тартып отыр. Алайда нарықтағы баға шарықтап кеткенін жасырмады. Шенеуніктер аймақта жем-шөп жәрмеңкелерін ұйымдастырмақ. Ал шаруаларға субсидия беру мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ.

Ерлан Құлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы мәселені зерделеу және мониторингтау, ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз ету бойынша әр ауданға бір-бір жұмыс топтары құрылып, одан бөлек, әр басқармадан әр ауданға бекітіліп, бұл бойынша жұмыстар жасалып жатыр, Ал енді шөп дайын емес, ондай қор біздің облысымызда жоқ деген бұл шаруашылықтардың айтып жатқаны себепсіз ол. Нақты бұл кісілер ондай дәлел айта алмайды.

Шаруалар мамандардың саланы саралап, уақытты сағызша созып жүргеніне қапалы. Олар нақты қолдау шаралары жүргізілгенін қалайды. Әйтпесе, аймақтағы миллионға жуық малдың саны күрт азайып кетуі ықтимал.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бакытжан Бапаев, Руслан Ахатилла