Атыраудағы модульдік аурухананың инфекциялық стационарында 88 нәресте дүниеге келді

Атыраудағы модульдік аурухананың инфекциялық стационарында соңғы 5 айда 88 нәресте дүниеге келді. Қазірдің өзінде коронавирус жұқтырған 87 жүкті әйел ем қабылдап жатыр.  Ал өңірде эпидемиологиялық ахуал ушығып, вирус жұқтырғандар саны артып барады. 

Мұнайлы өңірде ауру жұқтырғандар саны күн санап артып барады. Қазірдің өзінде инфекциялық стационарда 1100-ден астам науқас ем қабылдап жатыр. Ал 65 адам жансақтау бөлімінде. 

Нұрмұхамбет Бөкенұлы, реаниматолог:

- Қазіргі жатқан пациенттеріміздің жағдайы өте ауыр. Барлығы кислородқа тәуелді науқас. Емдеу осы клиникалық хаттамаға байланысты жасалады. Жұмыс кестеміз 8 сағат. Кейде 8 сағаттан кейін де келеміз. Мамандар жетіспеуіне байланысты. Жұмыс өте қиын. Демалыссыз қыркүйек айынан бері жасап келе жатырмын. Үйдегілермен қарым-қатынас телефон арқылы.

Қазір модульдік ауруханада 87 жүкті әйел, 10 босанған ана мен жаңа туған 7 нәресте жатыр. Наурыз айынан бері 88 сәби осы модульдік ауруханада дүниеге келген.  

Шолпан Қанатова, дәрігер-инфекционист:

- Қазіргі кезде жүкті әйелдердің саны өте көп. Босанған, жүкті әйелдер көптеп келеді. Ауру саны өте көп. Жұмыста жүрген кезде көп байқалмай қалады, уақыт тез өтіп кетеді. Себебі барлық көңіліміз бала мен анасында болады. уақыт тез өтеді. Әлі де коронавирустық инфекцияның барына және оны жоққа шығаруға тырысатын пациенттер бар. 

Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдерде ауру жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан дәрігерлер сәби сүюді жоспарлап жүрген жандарға сақтық шараларын қатаң сақтау керек екенін ескертеді. Айта кетейік, қазір модульдік аурухананың инфекциялық стационарында 195 науқас ем қабылдап жатыр.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандоc Рахметуллин