Ақтауда мыңнан астам отбасы 3 жылдан бері газсыз отыр

2018 жылы пайдалануға берілген 12 үйдің тұрғындары әлі күнге дейін электр плитасын пайдаланады. Бұған жауапты құрылыс компаниясы келісім-шарттағы талапты орындамай кеткен. Ал «жергілікті билік еш әрекетсіз отыр» дейді жиналған жұрт. Жалғыз мәселе бұл емес. Жаңа үйлерде жарық жиі сөніп, жоғарғы қабаттарға су көтерілмейді екен.

Үш жылдан бері Шағырбаевтар отбасы тек электр энергиясына 700 мың теңгедей жұмсаған. Себебі газ болмағандықтан күніне көп мөлшерде ток тұтынады. Тамақ дайындағаннан бөлек тұрмыстық қажеттілігі де бар. Отағасы Паудин Шағырбаев мәселені көрші-көлеммен бірігіп, талай рет көтеріпті. 

Паудин Шағырбаев, қала тұрғыны:

- 3 жылдан бері газ жоқ. 400-ге жақын квартира бар. Керемет-1 мен 2-нің өзінде. Басында газ болады деп айтты. Бармаған жеріміз жоқ. Акиматқа бардық. Застройщикке бардық. «ГазАймаққа» бардық. Бір-біріне лақтыра береді. Барлық жауабы тіркеулі тұр. Жинап жүрміз. Әкім орынбасарлары келді. Бәрін жасаймыз, газ болады деп кетеді.

16 шағын аудандағы 12 үйдің тұрғындарында ортақ мәселе. 3 жылдан бері газдың жоқтығынан әбден ығыры шыққан. Электр энергиясы да сөніп қала береді. Су жоғары қабаттарға көтерілмейді. Ашынған жұрт айдың, күннің аманында коммуналдық желінің әлі толық тартылмағанына ызалы. 

Анар Нұрасылова, қала тұрғыны:

- Футболить етіп отыр, то тендер ойнатылған жоқ, то заявка берген жоқ деп отыр. Газ жоқ болғандықтан Электр пешімен тамақ пісіргендіктен неге бізге басқа тариф қоймайды?  Жаз мезгілінде кондер қосқандықтан ақша қымбатқа шығады. Керемет 49,50 бар. 1 домда 3 подьезден бар, 180 квартира. 2-ші домда 360 квартира. Біздің артымызда Керемет әлі 6-уы бар.  Бәрі 1 тп-дан ток  алады. 

Батырбай Теңізбай, қала тұрғыны:

- Электр энергиясы постоянно перебой. Застройщик ЖЭК-ке бердік дейді. ЖЭК алған жоқпыз дейді. 1 трансформатор жасап тұр, нагрузка. Магазин қосып қойған. 2-трансформатр дайын. Бірақ оны запускать ететін ешкім жоқ. 

Шыңдауыл Қасымов, қала тұрғыны:

- Былтыр қараша айында электр энергиясы және газ туралы қала әкімі орынбасарының қатысуымен жиын өтті. Одан кейін хат жаздық. Облыс әкіміне хат жаздық, қала әкіміне жіберді. Токты құрылыс компаниясы әкімдіктің балансына бермей кеткен. Енді қаладағы жауапты мекеме қызмет көрсету үшін жарты миллиондай қаражат сұрайды. Тұрғындар жинап беру керек дейді.

Тұрғындардың жанайқайы жергілікті билікке жақсы таныс. Тек жаңа үйлерде ғана емес, шағын ауданға түгелдей газ жүргізілмеген. Жауаптылар мәселені биыл шешуді қолға алғанын хабарлады. Алғашқы 4 үйге газ тартуға бюджеттен 25 миллион қаралған. 

Асхат Нұрмұхан, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Конкурс былтырдан бері жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 2-3 рет өткізіп, өткізілмеді деп жарияланды. Мердігер мекемелер қатыспай. Ағымдағы айда 16-шағын аудандағы газ жобасы бойынша мердігер мекеме анықталды. Шарт негізінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп кетеміз келесі айдың басында. Қыркүйек айының соңына дейін «Жеңіс» тұрғын үйге қосып береміз деп жоспарлап отырмыз.

Әнуар Тұяқов,  қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:

- 16-шағын аудандағы жарық мәселесіне келетін болсақ тұрғындармен кездесу өткізілді. Мердігер мекемеден жылу станциясын тапсыруды сұрадық. Бірақ осы күнге дейін жауап жоқ. Сондықтан тұрғындар сотқа арыз жазуы керек.  

Осылайша көгілдір отын қыркүйек айында келеді деп жоспарланған. Ал электр энергиясы мәселесінің қашан шешілетіні белгісіз. Тұрғындарға тек сабырмен күту қалып отыр.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев