Ордабасы ауданы Маңғыстау облысына 4 вагон шөп жөнелтті

Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғындары Маңғыстау өңіріне 4 вагон шөп жөнелтті. 5 мың бау көлеміндегі 110 тонна мал азығы вагонға Бадам станциясынан артылды.

Батыстағы қуаңшылық еріктілерден бөлек қарапайым халықты да алаңдатып отыр. Сондықтан аудан, ауыл тұрғындары шамалары келгенінше әрекет етіп, көмек көрсетуде. Осылайша «тамшыдан құралған теңіз» сияқты ауыл азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында 4 вагон шөп жиналды. Бұл игі шараға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері мен еріктілер және аудан тұрғындары атсалысқан.

«Жалпы Ордабасы ауданында мал азығы жеткілікті деңгейде. Бірақ жылдағыдай бітік шөп болмауына байланысты мал азығы қорын дайындау үшін өзен бойындағы қамыстарды орып жатырмыз» дейді аудандағы жем-шөпке жауапты азаматтар. Бадамнан жолданған мал азығы Маңғыстау облысының Шетпе, Құрық және Жетібай станцияларына жеткізіледі.

Ғалымжан Нартайұлы, ауыл тұрғыны:

- Қазақта былай айтады: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ауызбіршілік, ынтымақ болса, мұндай нәрсенің талайынан өтерміз. Бұл да бір ауыл жанашырларының жақсылығын көрсетейік деген іс болып тұр.