Қарағандыда балаларға арнап жаңадан салынған интернат апатты деп танылды

Қарағандыда көру қабілеті бұзылған балаларға арналған интернат апатты деп танылды.

Ғимарат осыдан небәрі 4 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген еді. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген. Тіпті нысанның сыры кеппей жатып кемшіліктер анықталыпты. Кейін жауапты кәсіпорын олқылықты жойған. Алайда жұмыстың кепілдік мерзімі аяқталған соң интернат жарамсыз болып қалды. Қабырғалары жарылып, төбесі де опырылудың аз алдында тұр. Сот шешімімен интернаттың қызметі тоқтатылды.

Айман Тілегенова, №1 арнайы мектеп-интернатының директоры: 

- Ғимараттың бүкіл жері қауіпті емес, 2 блогы ғана, 2 мен 7. Төбесі, шатырынан ақау шықты, сол мәселелер шешілгенге дейін біз басқа ғимаратқа уақытша көшіріліп, барлығы жақсы болса, келесі оқу жылында өз ғимаратымызға бүкіл жөндеу жұмыстары аяқталып, қауіпсіз деп танылып, қайтып келеміз деген ойдамыз.