Алматыда эпидахуал күрт нашарлады

Пандемия басталған уақыттан бері мегаполисте ауру жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді.

Соңғы тәулікте мың адамнан вирус анықталған. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады. Салыстырмалы түрде айтсақ, коронавирус инфекциясының бірінші және екінші толқынында қалада тәулігіне 500-700 адам індет жұқтырған. Ал шілденің үш аптасында ауырғандардың саны 4 есе өсті. Әсіресе дельта штамының тез таралып жатқаны байқалады. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қаладағы денсаулық сақтау жүйесін аурумен күреске жұмылдыруда. Ауруханалардағы төсек орындарды санап, оларды іске қосу қолға алынды. Қалада ұжымдық иммунитет қалыптастырудың баяу жүруі жаппай ауру жұқтыруға әкеліп отыр. Сондықтан билік өкілдері алматылықтарды вакцина алуға шақырды. Базарлар, қоғамдық көлік, қоғамдық тамақтану орындары мен адамдар көп жиналатын демалыс саябақтары инфекция жұқтыратын негізгі орындар болып отыр.