Петропавлда туыстарын пышақтаған қылмыскер өмір бойына абақтыға қамалды 

Петропавлда туыстарын пышақтап тастаған күдіктіге сот үкім шығарды.

Оңтүстіктен солтүстікке қонаққа барған айыпталушы бүтіндей отбасын ойран еткен. 30 жастағы қаскүнемнің кінәсі толығымен дәлелденіп, ол өмір бойына темір торға тоғытылды.

Елді елең еткізген қайғылы оқиға биыл наурыз айында болды. Күдікті Алматы қаласынан Петропавлға көші-қон бағдарламасы бойынша білу үшін келген. Кейін туыстарына қонаққа барады. Кешкісін араққа сылқия тойып алған Бекболат Ғабдулин олардың бай-қуатты тұратынын көріп, қомақты қаражатпен құнды заттарды қолды қылғысы келеді. Қаскөй арам пиғылын жүзеге асыру үшін інісімен темекі шегіп тұрған кезде арқасынан бірнеше мәрте пышақ сұққан. Кейін үйге кіріп, оның анасын азаптап өлтіреді. 49 жастағы әйелдің кеуде тұсына ол 22 мәрте пышақ тыққан. Артынша, ұйықтап жатқан 89 жастағы әжейге де 5 рет пышақ созған. Екі адамда ауруханада жан тапсырды. Абырой болғанда алғашқы жәбірленуші аман қалып, көмекке ағасын шақырып үлгерген. Қанды қол қаскөйге сот үкім шығарды. Ол қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотталды.

Сергей Викторенко, облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Бекболат Ғабдулин жасаған қылмыстары үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтесін.

Сотталушы 30 жаста. Бұрын әскери қызметте болып, соңғы жылдары жұмыссыз жүрген. Қылмысты қасақана жасамағанын айтты.

Ал сот материалдарынан сүйенсек қаражат оған есірткі сатып алу үшін керек болған. Ал қайғыдан қара жамылғандар -бұрынғы қала әкімі орынбасарының туыстары екенін айта кетейін.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Рәслан Әлиев