А.Цой Ақтөбе облысындағы дәрігерлік амбулаторияларға барды

Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Бауырластар ауылындағы «Медина клиник» ЖШС дәрігерлік амбулаториясына және Ақтөбе қаласындағы емханаға барды.

«Медина клиник» клиникасы 2018 жылы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған. Былтырдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында Бауырластар және Сазды ауылының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні тіркелген халық саны 6264 адам, оның ішінде ересектер – 1816, жасөспірімдер – 253 бала – 2523. Клиниканың жоспарлы қуаты ауысымына 40 келушіге арналған. Мұнда жалпы дәрігерлік практиканың 4 учаскесі ұйымдастырылған, 10 төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді, өзінің зертханасы мен дәріханасы бар. А.Цой зертхана, емшара кабинетінің қызметтері және күндізгі стационар жағдайында емделу сияқты халық алатын медициналық қызметтермен танысты.

«Мықты отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар — ауылдағы денсаулық сақтаудың негізі. Сіздердің амбулаторияңыздағы білікті мамандар және емдеу процесін ұйымдастыру, мол дәрі – дәрмек қоры, лас және таза ағынды суларды бөліп жіберу, педиатриялық көмек, жедел жәрдем машиналары, сауатты вакцинация осының барлығы өзгелерге үлгі», – деді Министр.

Сонымен қатар, А.Цой бір ауысымда 500 келушіге есептелген және 55 мың адамға қызмет көрсететін «№3 қалалық емхана» ШЖҚ МКК-да болды. Министр вакцинация кабинеттерінің жұмысын, вакциналарды сақтау шарттарын зерттеп, медицина қызметкерлерімен сөйлесті, дәрігерлердің тілектерін тыңдап, халықпен жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті.