Алматы шөлге айналып барады

Алматыда жасыл желек қурап жатыр.

Мегаполисте 89 автоматты суару жүйесі орнатылған. Бірақ олардың үштен бірі істен шыққан. Нәтижесінде көгалдар күнге күйіп, ағаштар қурап, гүлдер солып жатыр.

Алматыдағы Ұлттық кітапхана жанындағы автоматты суару жүйесі 2019 жылы ғана орнатылған. Небәрі екі жылдан кейін сорғылар істен шыққан. Маусым айында жасыл желекті арнайы көліктің көмегімен суаруға тура келген.

Айта кету керек, бұл көліктердің әрқайсысының бір рет жолға шығып, жасыл желекті суарып келуіне қала қазынасынан 6000 теңге жұмсалады. Дегенмен Бостандық ауданының әкімдігі кітапхана орналасқан аумақтағы барлық жиырма суару жүйесі жұмыс істеп тұр деп сендірді. Алайда мұнда жайқалып тұрған жасыл өскін байқалмайды.

Азамат Кемелбеков, Бостандық ауданы абаттандыру бөлімінің бас маманы:

Абай даңғылы бойынша бізде қиындықтар болды, су жоқ кезде көлікпен суардық. Су жоқ, себебі, Есентай өзенінің аңғарын тазалау жұмысы жүргендіктен, ол жерде су болмады.

«Қаланың көрінісі көмескіленіп кетті» дейді, шағым айтқан тұрғындар. Жасыл желек солғын тартып, айналаны шаң басты. Әлі тамыры тереңдеп үлгермеген жас шыбықтардың қурап жатқанына жанымыз ауырады, – дейді олар.

– Мынадай аптап ыстықта көгалдарды, ағаштарды міндетті түрде суару керек. Суару жүйесі жасалған, ал су жоқ, бұл қалай?

– Қаладағы жағдайды реттеу әкімдіктің қызметтік міндеті.

Алматыда 89 автоматты суару жүйесі орнатылған. Олардың 64-і штаттық режимде жұмыс істейді, ал 25-і жөндеуді қажет етеді. Тек Медеу ауданында суару жүйесін жөндеуге жылына 58 миллион теңге бөлінеді екен. Билік өкілдерінің айтуынша, көбіне сорғы істен шығады, кейде шашыратқыш ұрланады. Жасыл желектің қурауының басты себебі – су жоқ.

Олжас Жаныспаев, қалалық ЖЭБ Жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің басшысы:

– Автоматты суарудың суды алу жүйесі әртүрлі. Кей жерлерде су арналарынан, кейде техникалық суда алады, ал басқа жерлерде арық пен өзендердің суына қосылған. Негізінен су жетіспеушілігі төменгі аудандарда қатты байқалады.

Биыл «Достық» саябағының төрт жарым гектар жеріне автоматты суару жүйесі орнатылды. Бұл үшін бюджеттен 35 миллион теңге бөлінген. Жаңа жүйенің қуаты қанша уақытқа жететіні белгісіз. Себебі, істен шыққан су шашыратқылардың жалпы құны миллиардқа жетіп жығылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон, Кенже Амраев