Елордада 320 мыңнан астам адам КВИ вакцинасының бірінші компонентін алды

Елорда тұрғындарын вакцинациямен көбірек қамту үшін Нұр-Сұлтанда демалыс және мереке күндері де жұмыс істейтін егу пункттерінің саны 3 есеге артты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов онлайн рифингте коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 320 мыңнан астам адам алғанын, ал 206 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өткенін хабарлады.

«Қала тұрғындарын вакцинациямен қамту үшін медициналық ұйымдардағы егу пункттерінің санын 3 есеге арттырдық. Олардың уақыты 10:00-ден 22:00-ге дейін, тіпті демалыс және мереке күндері де жұмыс істейді. Сондай-ақ вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 8 сауда ойын-сауық орталығында – «Хан Шатыр», «MegaSilkWay», «Керуен», «Абу Даби Плаза», «Азия Парк», «Сарыарқа», «Еуразия», сол сияқты «Мечта» тұрмыстық техникалар дүкенінде егу пункттері ашылды. Бүгінге дейін СОО-ларда 50 мыңнан астам адам вакцинацияланды», - деп хабарлады Тимур Мұратов.

Елордада вакцинацияның жоғары белсенділігі байқалады. Жұрт өзінің және өзгелердің денсаулығына саналы түрде қарай бастады. Соңғы апталарда вакцина алғысы келетіндер саны 6 есеге дейін өсті.