Павлодарда 15 бала терезеден құлап қайтыс болған

Ертіс өңірінде соңғы бес жылда кішкентайлардың терезеден құлау деректері көбейген.

Осы күнге дейін 37 қайғылы дерек тіркеліп, 15 бала көз жұмған.

Нұрқызар Касенова - екі жиенін тәрбиелеп отырған әже. Аружан мен Айлана апасымен бірге тұрмаса да, қонаққа жиі келеді. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған азаматша бесінші қабаттағы терезесіне қорғаныс құралын орнатқан.

Нұрқызар Касенова, қала тұрғыны:

Екі жиенім бар, олардың өмірі үшін өте қорқамын. Сондықтан, блокираторды орнаттық. Үш мың теңге тұрады. Менің ойымша, бұл қымбат емес.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда балалар ата-ананың қарауынсыз қалған. Оған қоса, терезелерде қосымша жабу құралдары орнатылмаған болып шықты.

Облыс аумағында осы жылдың үш айы ішінде тоғыз бала жоғары қабаттағы пәтерлердің терезелерінен құлаған. Тоғыз оқиғаның екеуі жазатайым оқиғамен аяқталды. Мерт болып, жарақаттанғандардың барлығы - мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Мамандардың айтуынша, осындай москитті торлар баланы құтқара алмайды. Оны сәл итерсе, құрал төменге ұшып кетеді. Сондықтан, арнайы бұғаттағыштарды пайдаланған жөн.

Мамандар бұл ойын баласының кінәсі емес дейді. Қайғылы оқиғаның болуының басты себебі – ата-аналардың салғырттығы. Бала қауіпсіздігі – ересектердің қолында. Бұл ойды ата-аналарға жеткізу мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Жұмыс жаз айларында күшейтіледі.

Бибігүл Қамзина, облыстық ПД ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналар жауапқа тартылады. Қылмыстық кодексте тиісті шара қарастырылған. Биыл тіркелген тоғыз оқиғаның екеуі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ата-аналар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Профилактикалық шараларды білім беру саласының өкілдері де қолға алған. Алдын алу шаралары онлайн режимде де өткізілуде. Мамандар ата-аналар чаттарына шығып, қарапайым ережелерді түсіндіреді. Тиісті мониторинг те жүргізілген.

Зәуре Қалиева, Павлодар қалалық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс орталығында балабақшаға баратын 18 мыңға жуық бала бар. Олардың 60 проценттен астамы, яғни, 10 мыңға жуығы екінші қабаттан жоғары орналасқан пәтерде тұрады. Өкінішке орай, пәтерлердің небары 37 процентінде арнайы қорғаныс құралы орнатылған. Бұл мәліметтер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Терезеден көбінесе балабақша жасындағы бүлдіршіндер құлайды. Мамандардың айтуынша, баланы қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтап, әйнектерге қорғаныс құралдарын орнатса жеткілікті. Олардың бағасы бойынша да мониторнг жүргізілді. Ішкі нарықта бір бұғаттағыштың бағасы – екі мың теңгеге жуық. Бұл қымбат емес, баланың өмірі әлдеқайда қымбат.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков