Елордада эпидемиологиялық ахуал нашарлады

Бас шаhарда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті.

Осыған орай, коронавируспен күреске 16 инфекциялық стационар тартылды.

Науқастардың көбеюіне байланысты қалалық ауруханаларды инфекциялық етіп, қайта бейімдеп жатырмыз, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Қазір күндізгі стационар мен жоспарлы емге жатқызу тоқтатылды. Себебі, инфекциялық стационарларда науқастар көбейді. Олардың саны қазір 2,5 мыңнан асқан. Осылайша жүктеме 72%-ке жетіп отыр.

Тимур Мұратов, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бүгінде 320 мыңнан астам адам вакцинаның 1 компонентін алды. 206 мыңнан астам азамат толықтай иммунизацияланды.

Халықты вакцинамен қамту үшін біз медициналық ұйымдардағы егу пункттерінің санын 3 есе арттық, олардың жұмыс кестесі жексенбі мен мереке күндерін қоса алғанда таңғы 10:00-ден 22:00-ге дейін ұзартылды. Осы уақыт аралығында сауда және ойын-сауық орталығында барлығы 50 мыңнан астам адам екпе алды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, жансақтау бөлімінде 203 адам жатыр. 70 науқастың жағдайы нашар, ал 47 адам өкпені жасанды желдету апаратына қосылған. Тимур Мұратов мобильді бригадалар күніне 2 мыңнан астам шақыртуға баратынын айтады. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек  ұйымдарында 11 мыңға жуық науқас ем алып жатыр.