Атырау облысында еңбек қатынастары бойынша 22 наразылық акциясы өтті

Атырау облысында жыл басынан бері еңбек қатынастары бойынша 22 наразылық акциясы өткен.

Түйткілдің төркіні – жалақы мәселесі. Қымбатшылық жайлап, қалтасы жұқарған жұртты қаржының қинайтыны белгілі. Қазір жұмысшы азаматтардың еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында кәсіподақ ұйымы үнемі келіссөздер жүргізіп келеді. Осыдан бір ай бұрын мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен келген Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бірнеше кездесу өткізген болатын. Қазір жұмысшылардың жалақысын көтеру, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру мәселелері шешім таба бастаған.

Ізтұрған Баймұханбетов, облыстық Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

– Еңбек даулары болып жатқан мекемелердің басшыларымен кәсіподақ үйінде жинап, келіссөздер өткізіп, нақты келісім шарттарына қол қойып, жұмысшылардың көтеріп отырған мәселелерінің көбін нақты шешіп бердік. Жер-жерде болып жатқан еңбек қатынастары жөніндегі мәселелер қаралып жатыр.