Алматыда құрамында есірткі және психотроптық заттары бар препараттар емін-еркін саудаланып жатыр

Қаладағы дәріханалардың бірінің маңы нашақорлар жиналатын орынға айналған.

Ондағы үйлердің ауласы мен кіреберістерінде қолданылған шриц пен дәрі құтылары шашылып жатады. Жастар да сол жерге үйір болып алған. Ал полициядан ешқандай қайыр жоқ. Фармацевтикалық бақылау қызметі болса, бұл жағдайдан хабарсыз.

Төле би мен Бруно көшелерінің қиылысында орналасқан көп қабатты үйдің тұрғындарының айтуынша, бұл дәріхана бірнеше жылдан бері құрамында есірткі және психотропты заттар бар препараттарды сатумен айналысады.Тіпті ешкімнен қымсынбайды. Көбіне түнде сатады. Ешқандай рецепт сұрамайды. Сондықтан жастар мұнда отқа үймелеген көбелектей асығады. Дәріхана маңындағы үйлердің тұрғындары таң ата олардың шуынан оянуды әдетке айналдырған. Ақырында ойын алаңдары мен аулада шашылып жататын шприцтерге көздері үйреніп кеткен. Қазірдің өзінде «Тропикамид» пен «Трамадол» дәрісінің бос бөтелкелері шашылып жатыр.

Жамбыл Әбсатов, қала тұрғыны:

Шындығында осы жерде сататыны рас. Себебі кейбіреулері подъезде ұйықтап жатады. Біздің подъездің ішіне қалай кіргенін білмеймін. Ішіне кіріп кетіп, сол жерде жатқан жерінен әрең дегенде қуып шықтық. Талай рет полицияға хабарластық та, шақырттық та. Осы жерден алып кеткендері бар. Күш көрсетеді. Көрсетем сендерге деп кетеді.

Жанна Әбікеева, қала тұрғыны:

Сағат 6-дан бастап мына жерде көп жігіттер, қыздар жүреді. Қыста подъезге кіреді. Өткенде де біреуі шегіп алып жатқан. Тыңдамайды. Полицияны шақырсақ, олар бір жарым сағатта әрең келді. Олар келгенше есін жинап кетіп қалды. Шприц жатады. Құтылары жатады. Тартып отқандарын өз көзімізбен көрдік. Дәріханаға да талай бардық, пайдасы жоқ.

Қазір жағдай тіпті ушығып кеткен сыңайлы. Таяуда ескерту жасаған тұрғынның бетіне сол маңда жүрген жігіт көзден жас ағызатын сұйықтық шашып жіберген.

Мәлік Молдабаев, қала тұрғыны:

Біздің пәтеріміз екінші қабатта. Дәл бұрышта. Көзді ашытатын баллонмен көршіме шашып жіберіпті. Соның иісі терезе ашық тұрған соң біздің пәтерімізге де келді. Менің де, немеремнің тамағымыз жыбырлап, жөтеліп қалдық. Бұл сұмдық қой.

Көпқабатты үйдің тұрғындары жергілікті полицияға бірнеше рет хабарласқанымен әзірге олардан көмек болмай тұр. Фармацевтикалық бақылау қызметі бұл жағдайды қадағалай алмайды. Себебі өз еркімен тексеруге құқы жоқ.

Мұрат Мұхамедияров, ҚР ДСМ Алматы қ. бойынша ФМҚБ департаменті басшысының орынбасары:

– Біз дәрі-дәрмек сататын ұйымның орналасқан жері мен бизнес сәйкестендіру нөмірін өтініш түскеннен кейін ғана тексере аламыз. Осыдан кейін Бас прокуратураның Алматы қаласы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментімен келісілген тексеріс тағайындаймыз. Осы жыл басында жеке кәсіпкер Тойбаевтың «Трамадол» дәрілік препаратын рецепсіз сатқаны туралы дерек тіркелді. Біз хаттама жасап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған болатынбыз

Дәріхананың мекен-жайын көрсету оңай болғанымен, бизнес сәйкестендіру нөмірін білу қиындық тудырып отыр. Провизорлар ештеңе білмейміз деп құтылады. Артық сұрақ қойсаң, есігін де де ашпайд дейді тұрғындар. Ал бизнес сәйкестендіру нөмірінсіз ешкім де фармацевтикалық бақылау қызметіне шағым түсіре алмайды. Енді тұрғындар оны кімнен сұрарын білмей дал.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Шапағат Мырзабекова, Кенже Амраев, Нурдәулет Жақсыбаев