Қостанайда «Қазпошта» автопаркі жаңа көліктермен толықты

Соңғы жылда электронды сауданың қарқын алуымен «Қазпошта» қызметіне сұраныс еселеп артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты Ұлттық пошта операторы өңірлік филиалдардың техника паркін жаңарту жұмыстарын қолға алды. Бүгін көліктердің алғашқы легі «Қазпоштаға тапсырылды. Барлығы 83 жаңа машина облыстық филиалдарға жол тартты. Бұл қызмет сапасын артырып, сәлемдеме жеткізу уақытын біршама қысқартуға мүмкіндік бермек.

«Қазпошта» АҚ инфрақұрылымды жаңартыуға ерекше ден қойған. Былтыр мысалы компанияның автопракі 64 көлікпен толықса, биыл жыл аяғына дейін 200-ден астамын сатып алу жоспарланып отыр.

Жанбота Бөкенов, «Қазпошта» АҚ желіні басқару жөніндегі басқарушы директоры:

- Қазақстан бойынша 7 мың ауылды мекенді «Қазпошта» қамтамасыз етеді. Соның бәріне уақытысында хат-хабар, сәлемдемені жеткізу автокөлік мәселесіне келіп тірелінеді. Бүгінгі күнде «Қазпоштаның» 2 мыңға жуық автопаркі бар. Соның біз бүгінде 11%-ін жаңартып жатырмыз.

Соңғы кезде пошта қызметіне жүгінушілердің саны артқан. Оған әлемде электронды сауданың өріс алуы бірден-бір себеп. Тапсырыс берген тауарыңды «Қазпошта» жер шарының қай түкпірінен жеткізуге даяр. Және осы қызмет сапасын, жөнелтім жылдамдығын арттыра түсуді көздейді.

Әбілхан Дауылбаев, «Қазпошта» АҚ қоф директорының орынбасары:

- Электронды коммерцияның өсуіне байланысты 2020 жылы біз 700 мыңнан астам сәлемдеме жеткізген болатынбыз Қостанай облысының тұрғындарына. Жылдан жылға сәлемдемелердің саны артып келе жатыр.Және де келер жылы одан көп сәлемдеме жеткізетін боламыз деп сенеміз.

Жаңа көліктер әртүрлі модификациялы. Тұтас металл және өнеркәсіптік тауарлық фургондар, броньдалған және жеңіл автомобильдер. Техникалық сипаттамалары бойынша пошта жөнелтілімдерін тасымалдауға толық сәйкес келеді. Айшықтау үшін «Қазпошта» АҚ фирмалық түстерімен және логотипімен белгіленген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг