425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан облысында карантиндік талаптарға бағынбаған 23 тойхана жабылды

  • 188
  • UPD: 09:48, 23.07.2021

Түркістан облысында карантиннің күшейтілгеніне қарамастан тығылып той жасайтындар тыйылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде жыл басынан бері 481 той тоқтатылып, шектеу шараларына бағынбаған 3200-ден аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал арнайы соттың шешімімен 23 тойхана жабылыпты. Той жасаушыларға 184 млн теңге айыппұл салынған. Өңірде жаңа қаулығы сәйкес карантин талаптар тағы күшейді. Мобильді топпен бірге біздің арна тілшілері арнайы рейдке шығып, тойханаларды тексеріп көрді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Кейбір тойханалардың сыртқы есігін жауып алып, ішінде той өткізіп жатқанын бұған дейін де бірнеше мәрте көрсеткенбіз. Мобильді топпен арнайы рейдке шығатынымызды «тойшыл» қауымға сыбайластары жеткізіп қойды ма, әлде расымен де «той-тойлауды доғара тұрайық» деді ме екен, біз барған шаһардағы тойдан босамайтын 15 мейрамхананың барлығы бос тұр.

Көбінде қонақтарды тойхананың артқы есігінен кіргізетінін жақсы білетін тәртіп сақшылары барлығын сүзіп шықты. Бірақ қанша тырысқанымызбен «шақырылмаған қонақтай» тойдың үстінен түсе алмадық. Бұған мобильді топ өкілдері де аң-таң. «Алайда отбасылық мерекені жасырып жасайтындар әлі де бар», дейді. Тек шілде айының өзінде қалада карантин талаптарын бұзған бірнеше жағдай тіркеліп, тойхана иелеріне 31 млн теңге айыппұл салынған.

Әбдірахман Тоқбергенов, қалалық ПБ жергілікті полиция бастығының орынбасары:

- Шілде айының басынан бастап той өткізген 41 жағдай болды. Оның құжаттарын жинап, СЭС мекемесіне жолдадық. Карантин талабын күшейтуге байланысты осындай іс-шараларды күнде атқарамыз.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бұл осыдан бір апта бұрынғы көрініс. Тойға барып, бір үйден 2-3 адамның қауіпті індетті жұқтырғанын да дабыл қағып, дәрігерлер айтуда. Бірақ сонда да тойға тоқтам жоқ. Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері 481 той тоқтатылып, шектеу шараларына бағынбаған 3214 тұлғаға айыппұл салынған. Арнайы соттың шешімімен 23 тойхана жабылып, той иелеріне 184 млн теңге айыппұл салынған. Бірақ әлі де ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарының жеткіліксіздігі аңғарылады.

Бақтыораз Елемесов, облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары:

- Той-томалақтардың бәріне шектеу қойып отырмыз. Оны бізде естіп білеміз, қайта-қайта сіздерді де соған шақырып отырмыз. Халықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуіміз керекпіз. Тойға бармау, оған жол бермеу бағытында жұмыс істеу керекпіз.

Карантин талаптарын өрескел бұзып, той жасайтындар аудандарда да көптеп кездеседі. Мәселен, Сарыағаш ауданында бір тәулік 3 той өткізілгені анықталды. Қауіпті індет жұқтырудан көш бастап тұрған ауданда жергілікті тұрғын 80-нен астам адамды жинап, «Бесік той» ұйымдастырған. Ал, екінші тойханада 150-ден астам адамның «Беташарға» қатысқаны белгілі болды. Мобильді топтың кезекті рейді кезінде тағы бір салтанат сарайында 180 тұрғынның басы қосылған «Сүндет тойдың» үстінен түсті. Барлық тойхана иелері мен той өткізуші тұлғаларға қатысты іс-құжаттар жинақталып, тиісті органдарға жолданды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы