Жамбыл облысындағы Бесағаш ауылының тұрғындары лай су ішіп отыр

Орталықтандырылған құбыр желісі істен шыққалы ширек ғасырдан асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапасыз судан дертке шалдыққандар да көбейді. Ауылда дәрі табу да қиын. Себебі дәріхана атымен жоқ.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бесағаш ауылдық округінде 6 мыңнан астам адам тұрады. Мұндағы құбыр желісі 30 жылдан бері жарамсыз күйде жатыр. Тұрғындар тіршілік нәрін колонкалардан тасиды. Алайда су деген аты ғана болмаса, сапасы өте төмен. Кәдімгі құм-топырақ араласқан күйде ағады. Оны тұтыну денсаулыққа зиян. Әйткенмен ауылдың ағайынның басқа амалы жоқ.

Захира Сапиева, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Осы ауылға көшіп келгелі бері ішкеніміз кір су. Таза емес суымыз, құмы бар. Көмір шығады. Осы судың кесірінен ауру болдым. Өтімді алып тастады. Бауырымда тас. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, жаман судан. Біздің ауылға су берілсін. Халыққа жағдай жасасын.

Күләш Данаева, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Қанша жылдан бері ауыз су болады, болады дейді. Біз енді болады деген үмітпен өмір сүріп жатырмыз. Ауыз судың кесірінен менің қазір бүйрегім ауырады. Бүкіл ауылдың жартысы солай ауру болдық.

Ауылдағы ескі су мұнарасының орнында қазір түк жоқ. Ал терең құдық көң-қоқысқа толып қалған.

Абай Жүндібаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Мынау біз тұрған жерде су мұнарасы болған. Тот баспайтын металл дейді ғой, содан. Биіктігі 25-30 метр, сыйымдылығы 15 тонна. Оны қай жаққа жібергенін білмейміз. Дайын тұрған нәрсені бұзып, оны қай жаққа құртқанын. Тот баспайтын металл деген бағасы қазір өте қымбат. Оны халық та білмейді. Халықтың мұңы су боп жатыр қазір.

Жергілікті билік өкілдері келер жылы Бесағаш пен Түркісіб ауылдарына су құбырын жеткізіп беруге уәде етіп отыр. Жоба құны 700 млн теңге. Бюджеттен қажетті қаражаттың жартысы бөлініп қойған көрінеді.

Бейбіт Нығматуллин, Бесағаш ауылдық округінің әкімі:

- Тиісті жұмыстар тамыз айында басталады. Түгелдей пластикалық құбыр тартылады. Жоба әзірленді. Кейін сараптамаға жолданды. Мұның барлығы біраз уақытты талап етті.

Бесағаштықтардың базынасы су ғана емес. Ауылда дәрі-дәрмек те қолжетімсіз. Дәріхана атымен жоқ. Адамдардың денсаулығы сыр берсе, препараттарды облыс орталығынан алып келуге мәжбүр.

Блиц 1:

- Дәріхана болса жақсы болатын еді ауылға. Ауылдық жерге нағыз керек нәрсе. Өздеріңіз білесіздер, қазір індет жүріп жатыр. Екінің бірі дүкен ашып жатқандай, сол сияқты бір дәріхана ашып қойса, ол да болатын еді.

Блиц 2:

- Иә, қаладан аламыз. Қайдан аламыз басқа. Такси жалдап барамыз. Барып-келуге мың теңге алады жоқ дегенде.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын ауылда дәріхана ашылған. Алайда кәсіпкер табыс таппай, ақыр аяғында жауып тастапты. Қазір іскер жандарға ұсыныс тасталғанымен, әзірге ешкім қызығушылық танытатын емес.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатилла