Елімізде өсімдік майының бағасы үш есе қымбаттаған

Елімізде өсімдік майын өндіретін екі зауыттың жұмысы тұралап, өндіріс көлемі азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шикізаттың дайын өнімнен қымбат болуы қайта өңдеуші кәсіпорындарға тиімсіз болып шықты. Ал мамандар бағаның биржаға тәуелді екенін айтады.

Еліміздегі өсімдік майын өндірушілер былтырдан бері тиісті субсидияны ала алмай отыр. Әсіресе несиенің пайыздық мөлшерлемесін түгел өтеу кәсіпкерлерді тығырыққа тіреген. «Қазақстан май-тоңмай одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоровтың айтуынша, субсидия дайын өнім құнының 10%-ін жабады. Сарапшы елдегі бағаны тізгіндеудің амалын қайта қарау керек дейді. Ол үшін биржаны елеусіз қалдыруға болмайды. Яғни, шикізаттың нарықтағы құнын есепке алып, процентпен емес, ақшалай баға қою маңызды. Бұл жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сарапшы шикізатты өз кәсіпкерлерімізге қолжетімді ету қажеттігін айтады. Өйткені қазір отандық май мен импорттық өнімнің бағасы бірдей болып тұр. Бұлай жалғаса берсе, өнім тапшылығына душар болуымыз мүмкін.

Константин Невзоров, «Қазақстан май-тоңмай одағы» қауымдастығының президенті:

- Өзбекстан мен Қытайда майға деген сұраныс артқанда баға да белсенді өсті. Бірақ биыл өнімділік жоғары болады деп отырмыз. Бір литр май 730-770 теңге аралығында сатылады. Зауыттың қуаттылығына қарай, 800-840 теңгеден сұрағандар да бар. Қалай дегенмен, шикізатты биржадан арзан бағаға ешкім сатпайды. Өндіріс шетелдік валютаға тәуелді. Өз елімізде отырып, шетелдік кәсіпкерлермен шикізатқа таласамыз.

Константин Невзоров сатып алған шикізатын қайта өңдеу тиімсіз болып қалған екі зауыттың жұмысы уақытша тоқтағанын жеткізді. Олар ішкі нарықтың 17%-ін отандық өніммен қамтып келген. Қазір оның орнын импорт басты. Бұл да дайын өнімнің құны мен сапасына ықпал етері хақ. Былтыр әлемдік сұраныстың артуына байланысты май 3 есе қымбаттады. Біздің елде де бағаның шарықтауы көпшілікті әуреге салғаны рас. Жыл сайын Қазақстанда 350 мың тонна өсімдік майы өндіріледі. Оның дені рафинадталмаған күйде шетел асады екен. Өйткені онда шикізатқа ұсынылатын баға жоғары. Мамандар әзірге май бағасы қымбаттамайтынын айтып отыр. Өйткені биыл жиын-терім берекелі болады деген үміт бар. Бағаға тікелей әсер ететін нарық Украина мен Ресейде де болжам осы. Біздің елде ірілі-ұсақты 40 өсімдік майын өндіруші кәсіпорын бар.

***

Ұлыбританияда дүкен сөрелері босап қалды

Британияда бос сөрелер көбейді. Супермаркеттердің бірінде азық-түлік өнімдері жоғалып кетсе, енді бірінде таңдауға мүлде мүмкіндік қалмаған. Эпидахуалдың ушығуы кәсіпкерлерді алаңдатып қойды. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі ұсынған мобильді қосымша арқылы коронавирусқа қарсы екпе салдырмаған әрі науқастармен байланыста болған адамдарға 10 күндей оқшаулану міндеттелді. Салдарынан түрлі салада жұмысшылар саны қысқарған. Дүкендер желісі жабылып жатыр. Аяқ асты келеңсіздікке тап болған көпшілік қосымшаны өшіруге тырысуда. Оның көмегі шамалы, өйткені билік індетпен күресте жүйенің маңызы зор екенін айтады. Еске салайық, Ұлыбритания әлемде індет жұқтырудан 7-ші орында тұр.

***

Қытай мұнай импортын азайтпақ

Жаһанда мұнай қымбаттады. Brent маркалы қара алтын баррелі 72,78 долларға сатылып жатыр. Ал әлемдегі ең ірі импортер Қытай билігі алғаш рет стратегиялық қордағы мұнайын сатуға бекінді. Өнім ұлттық өңдеушілерге ұсынылады. Мұндағы мақсат – өндірісті қолдау. Олар соңғы 12 жылдағы рекордтық инфляциядан зардап шегіп отыр. Сөйтіп аспан асты елі осы айда мемлекеттік қордағы 22 млн баррель қара алтынды сатпақшы. Бұл 10 жыл бойы жиналған өнім. Осы арқылы Қытай сатып алу көрсеткішін 2018 жылғы деңгейге жеткізбек. Жылдың алғашқы жартысында мұнда шетелден алынған қара алтын 3%-ке азайса, жыл соңына дейін тағы 13%-ке қысқарады. Қазір олар мұнайдың мол қоры Сауд Арабиясы, Ресей, Оманнан алып отыр.